20 қар, 2020 сағат 12:05

Балалардың медициналық-әлеуметтік мекемелерін тексеру шарасы екі аптада аяқталады

Қазақстанда балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің жұмысы алдағы екі аптада толық тексеріліп болады.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице- министрі Ерлан Әукенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Қазіргі уақытта ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің, басқа да жауапты мемлекеттік орган өкілдерінің қатысуымен балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің жұмысы тексеріліп жатыр. Нақтырақ айтқанда ол орталықтардағы заңнаманың сақталуы қатаң қадағаланады. Бүгінге, яғни 20 қарашаға дейін балалардың арнайы медициналық-әлеуметтік мекемелерінің 20-ның 18-ін тексердік. Атап айтқанда ең бірінші тексеру жұмыстарын шу шыққан Аягөз ауданынан бастадық. Алдағы екі аптаның ішінде бұл тексеру жұмыстарын аяқтаймыз. Мониторинг топтарының жұмысын қорытындысы бойынша жинақталған ақпаратты халыққа таратамыз», - деді Ерлан Әукенов «Балалық шақты қорғау жүйесінің тиімділігі және баланың әл-ауқаты: мемлекет пен азаматтық қоғамның бірігуі» тақырыбында баспасөз мәслихатында.

Еске сала кетсек баспасөз мәслихатында ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин балалардың шығармашылық және спорттық үйірмелерінің тегін болуын шектеп тұрған кедергілерді атаған еді.