15 шіл, 2022 сағат 21:41

Балалар суициді азайып, тұрмыстық зорлық-зомбылық көбейді – министр


Қазақстанда балалар суициді 13%-ға азайды, бірақ балаларға жасалатын зорлық-зомбылық 15%-ға көбейген. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2015-2021 жылдары балалар суицидінің деңгейі 13%-ға төмендеді. Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша балалар мен жасөспірімдер арасында суицид былтырмен салыстырғанда 38%-ға азайды. Дегенмен бұл әлі де өте үлкен проблема. Тәрбие жұмыстарының, оқушыларды қосымша біліммен қамтудың нәтижесінде балалар арасындағы қылмыс та 18%-ға төмендеді», - деп атап өтті министр Үкіметтің бүгінгі отырысында. 

Бірақ балалар арасындағы құқықбұзышылық айтарлықтай төмендесе де, ересектердің балаларға қатысты жасайтын құқықбұзушылық әрекеттері артқан. 

«Балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық 15%-ға, жыныстық тиіспеушілікке қатысты 9%-ға өсіп отыр. Аталған мәселелерді шешу үшін «Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспары» әзірленеді», - деді Аймағамбетов.