21 мау, 2022 сағат 14:33

Балабақшаға кезектің бірыңғай базасы құрылады


Балабақшаға кезектің бірыңғай базасы құрылады. Бұл жайында ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мектеп жасына дейінгі балалар үшін жоспарланған 34 мыңнан астам орынды қамтитын 322 балабақша ашылады, 9,4 мың орынға арналған 130-ы 5 айда ашылады. Жыл соңына дейін 3-6 жастағы балаларды балабақшалармен қамту 99,3 пайызға дейін жеткізу белгіленген. Жекеменшік балабақшаларда орын алған келеңсіздіктерге жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтіп, білікті мамандармен қамтамасыз ету, сондай-ақ бейнебақылау, жиһазбен жабдықтау талаптарының орындалуын қадағалау, мемлекеттік тапсырыстың сапасын ваучерлік тетік арқылы жақсартту көзделген», - деді ол министрліктің аппарат жиналысында.

Вице-министрдің дерегінше, биыл 15 мыңнан астам тәрбиеші жаңа модель бойынша тиісті курстардан өтуде. Бұл өз кезегінде тәрбилеу сапасын жақсартуға оң ықпал етпек.

«Ашықтықты қамтамасыз ету үшін кезектіліктің бірыңғай базасын құру жұмыс жүргізіліп жатыр. Жаңа оқу жылында үздік балабақшалар негізінде 34 құзыреттілік орталығын ашу жоспарланып отыр. Биыл алғаш рет 25 мыңнан астам баланы оқу орындарына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылуда. Әкімдіктер 515 мектеп автобусын сатып алады. Алғашқы автобустар осы айдың ішінде Ақмола облысына жеткізіле бастайды», - деді Ғани Бейсембаев.