09 қаз, 2019 сағат 13:37

Бақауов ресейлік бизнесмендерді Павлодар облысына инвестиция құюға шақырды

Ресей астанасында «Павлодардың Мәскеудегі инвестициялық күндері» бизнес-форумы басталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көрші елдің Сауда-өнеркәсіп палатасының конгресс-орталығында өткен кездесуде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов Ресейдің әлеуетті инвесторларына жан-жақты қолдау көрсетуге уәде берді. Оның ішінде инвесторларға салықтық жеңілдіктер беру, кеңселер, жұмысшыларға әлеуметтік қызметтер ұсыну және тағы да басқа жеңілдіктер бар.

Форумды ашқан Павлодар облысының әкімі біздің өңірдің сыртқы сауда көлемінің 40 пайыздан астамы Ресей Федерациясына тиесілі екенін айтты. Мәселен, 2018 жылы Павлодар облысы мен Ресейдің өңірлері арасындағы тауар айналымы 1,8 млрд долларды құраған. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 25 пайызға жоғары. Аталған көрсеткішті арттыру үшін Болат Бақауов ресейлік бизнесмендерді Павлодар облысына инвестиция құюға шақырды.

– Біздің өңір тоғыз жолдың торабында орналасқан. Дәлірек айтсақ, жолдардың негізгі күретамыры саналатын Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір теміржол желілерінде орын тепкен. Павлодар облысы арқылы республикалық маңыздағы жолдар өтеді. Әуе қатынасы, өзен қатынасы жолға қойылған. Облыс географиялық тұрғыдан да тиімді орналасқан. Павлодар облысынан 500 шақырымдық радиусте Қазақстан мен Ресейдің ірі қалалары жатыр. Аймақта су мен пайдалы қазбалалар қоры жеткілікті. Сондай-ақ қазақстандық ферроқорытпаның 65,2 пайызы, бензиннің 46,3 пайызы, глинозем мен өңделмеген алюминийдің 99,6 пайызы біздің облыста өндіріледі. Елімізде өндірілетін көмірдің 60 пайызы біздің өңірге тиесілі, – деді Болат Бақауов.

Павлодар облысының әкімі ресейліктермен бірлеске жобаларды қаржыландыруға дайын екенін білдірді. Сондай-ақ өңірде кәсіпкерлерге әрдайы қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Бұдан бөлек, мемлекеттік қолдаудың бірыңғай кепілдендірілген шаралары бар. Бұл ретте, инвесторларға екі жылға қайтарымсыз негізде офистер беріледі. Инвесторлар жалдайтын қызметкерлердің отбасы мүшелерін жұмыспен, оқу орындарымен қамту да жолға қойылған.

Мәскеудегі бизнес-форумға «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының басшысы Бауыржан Сартбаевтың да қатысқанын атап өткен жөн. Ол ресейлік кәсіпкерлерге Ресей импорттап отырған Қазақстанда өндірілетін тауарларды оқшаулауды ұсынды.

– Біздің компания әлеуетті елдердің тізімін жасады. Бұл ретте, біз үшін Ресей Федерациясымен байланыс орнату маңызды бағыттың бірі. Ресейлік инвесторларды көбінесе Қазақстандағы саяси тұрақтылық, кәсіпкерлік қызметті реттейтін заңнамалық база, салықтық жеңілдіктер және инфрақұрылымның дамуы қызықтырады. Бүгінде ресейлік инвесторлармен жалпы құны 4,8 млрд долларды құрайтын жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде, – деді Бауыржан Сартбаев.

Форум қорытындысы бойынша бірнеше екіжақты келісімге қол қою жоспарланған. Сондай-ақ Павлодар облысының әкімі бірқатар ресейлік бизнесмен келіссөздер жүргізбек.