ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ірі көлемдегі алаяқтық бойынша ұсталған Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты істің тоқтатылуына пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Біз өз пікірімізді айттық, қазір ештеңе дей алмаймын. Бас прокуратураның жауабын алуымыз қажет. Процедуралар бар, мерзімдер бар. Сондағы белгілі бір деңгейлерді ұстану қажет. Орынбасар орынбасарға жазуы керек немесе мен жазуым қажет. Біз өз көзқарасымызды айттық және өз ұстанымымызда қаламыз», - деді А. Шпекбаев тілшілерге берген сұхбатында.
Еске салсақ, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров ұсталғаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі оған ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы, 2-бөлігі, 2-тармағы («Лауазымын пайдалану арқылы аса ірі көлемдегі алаяқтық») бойынша айып тақты.
Кейін Бас прокуратура Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеді. Көп ұзамай шенеунік өз қызметіне қайта кірісті.
Өз кезегінде агенттік Бас прокуратураның бұл шешіміне наразылық танытты.