18 там, 2021 сағат 15:00

Бағдан МОМЫНОВА: ТӨЛ ӘРІПТЕРІМІЗДІ САҚТАП ҚАЛДЫҚ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралды. Ал биыл қаңтар айының соңында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысын өткізіп, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы таныстырылды. Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді. Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023-2031 жылдары аралығында жоспарланып отыр. Біз осы орайда филология ғылымының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Грамматика бөлімінің меңгерушісі Бағдан Момыноваға латын әліпбиіне негізделген қазақ әліпбиінің соңғы нұсқасының жасалу жұмысына қатысты сұрақтарды қойдық. 

 

– Үкімет латын графикасындағы жетілдірілген қазақ әліпбиінің жобасын жариялағалы біршама талқыға түсті. Сізді қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру барысын насихаттау тобының мүшесі ретінде білеміз. Алғашқы сөзімізді жетілдірілген жаңа жобаның ерекшеліктерінен бастасақ?

– Жазу туралы пікірталас әліпби қабылдау мен емле ережелерін дайындау кезінде өршиді. Қазақ тілінің тарихында осындай жағдайлар 1926 жылы әліпбиге байланысты айтыстар туғанда, 1929 жылы «Қазақ жаңа емлесі туралы декрет» қабылданған кезде байқалды. Ол кездегі айтыстар зиялылар арасында болды, ал қазіргі әліпби айтысына халық та қатысып отыр. Ашық, жария түрде болғандықтан, көп пікірлер айтылып, халық белсенділік танытып жатыр.

Әліпби ауыстыру – қай елге болмасын үлкен сын. Неге екені белгісіз, көпшілік латынға көшуге байланысты барлық әліпби нұсқасын Тіл білімі институты ұсынған деп ойлайды. Ол қате пікір. ҚР Президентінің шешімімен бекітілген, бірақ сәтсіз шыққан алғашқы әліпби нұсқаларымен халық та, ғалымдар да таныс болмады. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұсынып отырған жетілдірілген соңғы нұсқа қызу талқылануда. Оның да интернет бетінде «қыдырып» жүргеніне біраз болды. Оң да, теріс те пікір кездеседі. Бірақ әлемдік жетілген әліпби нұсқаларына тән ыңғайлылық, қолайлылық, «бір дыбысқа – бір әріп», т.б. принциптері ұсынылып отырған әліпби нұсқасында сақталған.

Лингвистикалық ілімдердің тарихы – жазудың тарихы. Тіл – қарым-қатынастың негізгі құралы әрі жанды құбылыс болғандықтан, өзгерістер болып жатады. Сол тілдегі өзгерістер мен жаңалықтар жазумен ырықтандырылып отыратындықтан, тілдегі дыбыстарды таңбалайтын жазу бұрын да, қазір де тілдің болашағын айқындайтын факторға жатады. Жазу өнері – графика, ал графикалық таңбалардың даму тарихы ұзақ. Жазу өнерінің негізгі мақсаты – естілетін сөздің дискреттілігі, яғни сөз әртүрлі контекстерде әлденеше рет қайталанса да, әртүрлі айтылып, дыбысталса да, біркелкі танылуын, таңбалануын қамтамасыз ету. Сол мақсат жолында адамзат баласы жазу прототиптерін (пиктография, идеография, логография, т.б.) жетілдіре отырып, идеографиялық принциптен силлабикалық (буындық) және алфавиттік (әріптік) принципке көшірді. Ыңғайлы әліпбиге көшуде диакритика, апострафтардың көмегі аз болмаған. Ұсынылып отырған әліпбиде диакритикалық таңбалар бар. Диакритикалық таңбаларға байланысты айтарымыз: қазіргі қолданып жүрген кирилл әліпбиінде де диакритикалы і, й – әріпүсті, әріпішілік (ө), әріпасты (ұ) мен әріпбойы (ғ) таңбалар бар. Сондықтан жобадағы диакритикалық таңбаларды жатырқаудың реті жоқ. Жетілдірілген жобада халықаралық әмбебаптық сипатты умлаут, макрон, седиль, бревис диакритикалары пайдаланылған, әр диакритика өзіндік ғылыми негіздеріне қарай іріктелді. Умлаут – дауысты дыбыстың жіңішкелігін (Ü ü – Үү) білдіреді, ал макрон – у(ұу), ұ, ү ұқсас таңбалардың ішінде ұ-ны (Ū ū), бревис – жуысыңқы дауыссыздарды (Ğ ğ – Ғғ), седиль (Şş – Шш) қатаң дауыстыны таңбалайды.

– Бұл әліпби «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келе ме?

– Әрине, келеді. Алдымен тілдегі дыбыс атаулының бәріне де таңба беру мүмкін емесін ұғыну керек. Әріппен базалық дыбыстар таңбаланады. Тарихтан белгілі қадым жазуын еске түсіріп көрелік. Арабнегізді ескі қазақ жазуы мұсылмандықпен бірге енді, квазиәліпбилік сипатты еді, өйткені онда дауыссыз дыбыстардың таңбалануына басымдық берілді, ғылымда мұндай әліпбилер консонантты әліпби деп аталады. Араб жазуы оңнан солға қарай жазылады, онда 28 таңба болды. Әрбір таңба бір дауыссыз дыбысқа арналды. Дауысты дыбыстарды әріптердің асты-үстінен жазылатын арнайы диакритикалық белгіленімдер, яғни әріптерден бөлек қосымша таңбалар білдірді. Араб тіліндегі дауыстылар ұзын (созылыңқы) және қысқа болып бөлінетіндіктен, кейбір дауыссыз дыбыс таңбалары жазу кезінде созылыңқы дауыстыларды таңбалау үшін пайдаланылған. Қысқа айтылатын дауыссыздар қосымша белгілер яки харакаттар арқылы жазылған. Ал «а», «и», «у» дауысты дыбыстарына жеке таңбалар арналған. Бірақ осы үш таңба өзге де ұқсас дыбыстарды таңбалауда пайдаланылады: «а» таңбасы «к», «г» дауыссыздарымен тіркесіп келгенде «ә»-ні де таңбалады. Ал يْ әрпі «сукун» таңбасымен бірге е-ні таңбалады, «и» таңбасы «ы» анық естілетін буындарда жуан естілетін дауыссыз дыбыс­тармен келіп, «ы»-ны білдірген, т.б. ерекшеліктер көп болды. «У» дыбысы классикалық араб тілінде өзгеріссіз қолданылады, бірақ кейде диалектілік сөздерде «о»-ны таңбалаған. Осы 3 дауысты дыбыс белгіленімдерінен ­(харакат, сукун, фатха) бөлек, олардың 3 айырым түрлері бар. Оларды «танвин» деп атайды. Тіпті «сукун»-ның үш түрі бар, бірі – дауыссыз дыбыстың жоғын білдірсе, «шадда» – дауыссыз дыбыстың қосарланып тұрғанын көрсетті, ал «хамза» – екі дауысты дыбысты бір-бірінен ажыратты. Жоғарыда айтылған қосымша таңбалармен сөздің жазылуына мысал: (تَنْوِين). طِفْلٌ Жазатын адам тек дыбыстарға арналған әріптерді танудан бөлек, қол қимылын көбірек пайдаланды және қосымша белгіленімдердің өзін игеруі керек болды. Мұны айтып отырған себебім, қазіргі кездегі и (ый, ій), у (ұу, үу) жазылуының даулы болуының басын осы қадымнан іздеу керек сияқты көрінеді кейде. Әрине, заңдылық та бар. Өйткені осы ескі жазуда у-дың ұу дыбысын да, кейбір жатжұрттық адам аттарын жазғанда жалғыз әріп түрінде «у» дыбысын да таңбалайтыны деректерден байқалады. Яғни ескі жазуда и, у дыбыстары жартылай дауыстыларға жатқызылып келген. Кейіннен осы жазу дәстүрінің, ескі шағатайлық үлгінің А.Байтұрсынұлы бас шығарушы болған «Қазақ» газетінде сақталғаны байқалады. «Қазақ» газеті төтемен (усул жадид) шықты. Төтедегі и таңбасы (екі нүкте әріп таңбасының астына көлденеңінен орналасқан) кейде ы-ны: болғандығы, падшасын, кейде: и-ді (шеттілдік сөзде дауысты десек): Рұмыниаға (бір сөз құрамында келгенде әрі ы-ны, әрі и-ді) таңбалауда қолданылған; сол сияқты і-ні: көрінеді, стеуінен; кейде й-ді таңбалайды: келмейді, т.б. Сонда бір ғана таңба бірнеше дыбысты (жат сөздерді есептегенде) таңбалаған және екі рет қайталанып жазылғанда иі және ый, ій-ді білдірген, мысалы: тиис деп жазылған, бірақ қазіргі жазумен тиіс деп оқылады. Сонымен бірге «ы» және «і» дыбыс­тары келетін барлық позицияларда емес, көбінесе тәуелділіктің 3-жағын білдіргенде жазылған: мажилисине, төрине, т.б. Дәл осы сынды жағдай у-ға да байланысты. Ескерте кету керек, мысалдар газеттік нұсқасы негізінде ­кирилл әріптерімен жазылып отыр.

Одан кейінгі кезде, латыннан ­кирилл әліпбиіне көшудің алғашқы уақытында, 1939-1945 жылдары, емлелік, фонетикалық ерекшеліктер көп болған: 1. Латын жазуымен жазылған материалдарда (екі әліпби де қатар қолданылған аз уақытта) х, қ әріптері (хат, қатынасу) латынның бір ғана q әрпімен таңбаланған; 2. Латын жазуымен басылған материалдарда ы – дыбысы ъ – белгісімен, я – кириллдің ә-әрпімен, і-дыбысы j-мен таңбаланған (oktәbr, attanъs, bastalъb, әigjlj), т.б. Бірақ кирилл жазуының алғашқы кезеңінде я дыбысы йа-мен жазылған (айанбасаң, айамай, комиссиа, армиа, т.б. (Қазіргі ұсынылып отырған емле ережелерінде де осылай жазу ұсынылып отыр). Бірақ баяндама сөзінің жазылуы осы күнгі жазылу нұсқасымен бірдей. Ю дыбысы иу-мен жазылған (Иугославиа). Екінші буынында я жазылатын орыс сөздерінде ә жазылған (Октәбр). Орыстың э дыбысы қазақтың ә-дыбысының орнына жазылған (Сэлім, т.б.). Ц дыбысының орнына біраз уақытқа дейін с, кейіннен ц-ның өзі жазылған (Редаксиаға). Қазіргі әлібиде ц дыбысы жоқ, орнына с жазылатын болады. Э келетін жерлерде е жазылған (енергиа, економика). Қазіргі әліпбиде э дыбысы жоқ, яғни э келетін жерлерде е жазылады. Қазіргі кезде х жазылатын жерлерде қ жазылған: қабарлаймыз, қалқы, қаты. Бірақ рахмет, хабар сөзі бірде х-мен, енді бірде қабар түрінде (жаңа қабарлар) жазылған. Х,Һ-ға байланысты да өзгерістер жаңа әліпбиде бар. Қазіргі кезде қ-мен жазылатын кейбір сөздер ол кезде х-мен жазылғанхасиетті (хасиетті борышы, революцияның хасиетті туы). Ы, і-мен жазылатын сөздердің бәрі ы-, і-сіз, түсіріліп жазылған (үкмет, аброймен, ысрабына). Ы артық қосылып жазылған (даңыққа). «Ұ» әрпін «у» әрпінің төбесіне диакритика қойып жазған (ўрыста). «Ү» дыбысын «у»-мен таңбалаған (кушке). Ал ия қосарланып келетін жерлерде ыя-ның жазылуы (жарыя, жан қыярлық), т.б. ерекшеліктер болған. Бұл жазу тарихы, тарихтан керегі, ұтымдысы сұрыпталады. Бәрін бірдей өзгеріссіз қайта қабылдау мүмкін емес. Бірақ адамзат жазулары тарихында бұрынғы да, қазіргі де жазу типтері бір фонема бір графема принципін ұстанғанмен, таза бір принциппен әліпби құрастыру мүмкін­дігі қашан да аз болған.

Оны түсіну үшін латынға көшу басталғанда ұсынылған әліпби жобаларын еске түсірейік. Тек диграфтардан тұратын әліпбидің біздің агглютинативті, яғни жалғамалы тіліміздің табиғатына сай келмейтіні дәлелденді. Айталық шашу деген сөздегі ш (sh) shashu (6 таңба) – şаşu (қазіргі жобада 4 таңба) салыстырып байқайық. Қайсысын жазу қолайлы? Әліпби апострофпен, акутпен ұсынылып отырса да, кейбір дыбыстар диграфтармен берілді (sh, ch), яғни таза диакритика аясына дыбыстарды сыйдыра алмаған. Ақырында диграфтар жобалардың жарамсыз болып шығуына әсер етті. Апострофты әліпбиде бір сөздің құрамындағы әріптердің өзі бөлектеніп тұрғандай көрінді, мысалы: ku’bir-sybyrdan, s’u’i’iretin. Жазған кезде апострофты әріппен екі сөз қатар келсе, бас әріп болып жазылып кетуі байқалды. Қолайлы шрифттер Lusida Handwriting, Harrington, Old English Text Mt, AgensyB, Arial, Arial Unicode Ms, Calibri болды, ал қолайсыз шрифттер: Tımes New Roman, Britannic Bold, Bodoni Mt Black. Осыларды өткен күннің еншісінде қалса да айтып отырған себебіміз – бүгінгі әліпбиді толығырақ тануға, дұрыс бағалауға септігі тиер деген үміт. Сонымен қатар қазір қолданып отырған кирилнегізді әліпби 42 әріптен тұрады, ал ұсынылып отырған жобада 31 әріп бар, таңбалар саны 11-ге қысқарған. Қысқарса да, әрбір төл дыбысқа жеке таңба берілген.

  

Классикалық латын әліпбиіне көзі үйренгендер кейбір танымал таңбаларды іздейді. Олардың орны қалай толтырылды? Тапқырлықпен шешілген мәселенің бірі деп жаңа әліпби нұсқасындағы цитаталық принципті айтуға болады. «C, X, W таңбалары цитаталық принциппен жазылатын шеттілдік сөздерде қолданылады». Неліктен осы C, X, W таңбалары жаңа әліпби нұсқасында айрықшаланып берілді? Оның негізгі себептерінің бірін шеттен енетін түрлі марка, бренд атауларының әліпби ауыстыру туралы әңгіме қозғалмастан бұрын шеттілдік нұсқасымен өзгеріссіз жазыла бастауынан іздестіру керек. Осындай түрі мен қалпы сақталатын, өзгеріссіз алынатын шеттілдік сөздер БАҚ-та, визуалды ақпарат құралы саналатын теледидарда, әдеби-көркем журналдарда, тіпті аударма әдебиет пен оқулықтарда, көшедегі жарнамаларда, маңдайшаларда кездеседі. Әсіресе қалаларда осындай атаулар аяқ аттап басқан сайын кездеседі. Мысалы, қазақ тілінің көркемдігін, байлығын паш етуге қызмет ететін әдеби-әлеуметтік «Жұлдыз» журналының өзінде де осылай жазылу үрдісі бар: «Алматылық музыканттарды қолдау үшін арнайы платформалар құрылып, өнімдері iTunes, Yandeх, Spotify тағы да басқа заманауи цифрлы құралдар арқылы таратылатын болады» («Жұлдыз», 2019, №11, 176-б.). «Оның дамуы әлеуметтік желілер мен блог-платформалар танымалдығының артуына да тікелей серпін берді. Youtube, Instagram, Twitter секілді тиімді контент құрып, жақсы табыс табуға мүмкіндік береді» (Жұлдыз, 2019, №11, 177-б.). Бұл мысалдар журналдың жетілдірілген әліпби талқылауға ұсынылмастан бұрынғы нөмірлерінен алынған. Танымал Twitter, Yandeх сияқты атаулар сол күйінде жазылып тұр. Осылай жазуға көз де, қол да үйренген. Фирмалар үшін бұл қолайлы, тауарының танымалдығы, өтімділігі арта түседі. Екінші себеп алғашқы себептен келіп туындайды: әртүрлі тілдердің иелері (тұтынушылары, елдер, мемлекеттер) арасындағы экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың нығаюы, жаппай компьютерлендіру, ғылым мен техниканың дамуы, техникалық құралдардың қолжетімді болуы шеттен енетін сөздерді көбейтеді. Оның ішінде жазба тұрпаты сақталатын бренд, марка атауларын өзгеріссіз жазу әбден дағдыға айнала береді. Сондықтан жобада C, X, W таңбаларымен жазылатын белгілі маркалар, бренд атауларын сол күйі көшіріп алу, яғни мәтінде де, жеке тұрғанда да цитаталық принциппен жазу ұсынылған. Әлемге белгілі бренд атауларын өзгертпей жазу көп тілдерде бар құбылыс. Бұл атаулар өздері енген тілде гибридтер саналады, себебі оларға қазақ тілінің қосымшалары жалғанады, мысалы: Yandeх-тен, Word-пен, Соса-Соla-ның, т.б.

– Жаңа әліпбиге кезең-кезеңімен көшу 2023-2031 жылдары аралығында жоспарланған. Біз оған алдағы 10 жылда толықтай дайын бола аламыз ба?

–10 жыл әліпби ауыстыру үшін аз уақыт емес. 10 жылда көп мәселе екшеледі, жүйеге түседі. Біз білуге және ескеруге тиіс бір ақиқат бар. Енді бұл процесс тоқтамайды, алға жылжиды. Жылжыған сайын латынға көшуге байланысты кез келген мәселе одан әрі жетіле береді.

– Бір қуантарлығы Ң және І сияқты төл әріптер өз қалпын сақтап қалған екен. Яғни бұған дейінгі сын-ескертпелер ескерілгені байқалады. Қазақ әліпбиінің төл әріптерінің сақталуы туралы тарқатып айтып берсеңіз?

– Төл әріптерсіз тіл тіл бола ма? Өткен ғасырдың 40-жылдары С.Аманжолов төл дыбыстар туралы: «...Осы жазғы тұрым орталық жаңа әліппе комитеті барлық ұлттарға өзіндегі q, o, ә, у, ь, ө әріптерін алып тастауды ұсынды. Олардың кеміс бөгеті, қолайсыздығы көп. Бірақ мұны ұсыну алдында Жаңа әліпби комитеті әр ұлттың ерекшелігімен санаспағаны көрініп тұр. Орыста q, ө әрпі жоқ екені рас, оларға ол әріптерді үйрету де қиын екені рас. Бірақ орыста жоқты жойып, ұлт тіліне балта шабуға бола ма?» деген екен төл дыбыстардың таңбасын сақтап қалу туралы. Сондықтан төл дыбыстар жетілдірілген жобада сақталған. Олардың әрқайсысының әрпі бар. Жоғарыда аталған диакритикалық таңбалар төл дыбыстардың таңбалануына жәрдем етіп тұр. Aa-мен ғылыми әдебиетте а-ның аллафоны саналатын Ää (ә) – корреляттар. Gg мен қазақтың төл дыбысы Ğğ (ғ)-ның диакритикамен ажыратылып берілуі, Nn (Нн) мен Ŋŋ (Ңң) таңбаларының кескінделуі; Oo мен Ӧӧ (ө), сондай-ақ Ss мен Şş (ш); Uu (Уу; ұу); таңбалануы ұқсас Ūū (Ұұ); Üü (Үү) дыбыстарының екі түрлі диакритикамен ажыратылуы да заңды.  (Іі) бас әрпі диакритикасыз беріліп отыр. Диакритиканы көбейтпеу мақсатында диакритика қойылмады, бәлкім жиілігі, сөз шенінде келуі сияқты маңызды факторлар ескерілгенінен де болар. Ŋŋ (ң), Şş (Шш) әріптерінің таңбалануы да көңілге қонымды, сөз үстіндегі диакритикаларды азайтады. Ал ң таңбасы, сондай-ақ соңғы жоба бойынша барлық шешім дауыс берумен қабылданды. Ал ғылыми көзқарастармен келіспеу, қарсы болу, қайшылықтар болуы, қалыс қалу – заңдылық.

Орыс тілі дыбыстарының әліпби жобасында болмауы назар аударуға тұрады. Бүгінгі ұрпақ бұл әріптерді жазып қолдары да, көздері де үйреніп қалғандардың қатарына жатады, бірақ келер ұрпақ орыс тілінен енген сөздердің сол тілде жазылған нұсқасын емес, ұсынылып отырған әліпби арқылы енгізілген, қазақшаға әбден бейімделген нұсқасымен ғана жазатын болады. Ертеңгі ұрпақ jiu, kiu, qiar, sia деп бірден-ақ жазады (ю-мен, я-мен жазбайды). Кірме ъ, ь (белгілер), щ, т.б. дыбыстарын жазуды қаперіне де алмайды, сондай-ақ э орнына е-ні, ё орнына ö-ні, ц және сц әріп тіркесі орнына s (sirk, sement) жазатын болады. Кірме сөз құрамындағы дауысты дыбыстардың жуан не жіңішкелігін айыратын ъ,ь белгілері жазуда еленбейді, бірақ сөзге қосымшалардың жуан не жіңішке жалғануының заңдылыққа сай болуы ескерілетін болады. Сол сияқты сс, мм, лл, тт, фф, нн, бб, рр, пп, гг, дд, кк, уу әріптерінің бірі түсіріліп жазылуы сөздерді қазақша айтылымға жақындата түседі: prosesor, atestat, asonans, disonans, akaunt, akord, vakum, т.б. Осы сияқты өзгерістер ұсынылғанда сөзге қосымшалардың дұрыс жалғануы, үндесу, дыбыстардың үйлесімі мейлінше ескеріледі. Бірақ барлық шеттілдік сөздерді бір үлгіге салу кейде мүмкін бола бермейтіні байқалды. Жобаға қарағанда ертең емес, бүгіннің өзінде орыс сөздерінің орысша нұсқасы емес, қазақшаға бейімделген нұсқасы танымал болатыны сезіледі. Кірменің бірі – ф дыбысы әліпбиде бар, осыған байланысты өз ойымды білдіре кетейін. Ф – қазақ жазуы тарихында қадымнан бері келе жатқан дыбыс. Фикр, фәни сияқты діни сөздерде жазылады, ескі жазбалардың бірегейі саналатын Әбілғазының «Шежіресінде» де фасл сияқты сөздер ф-мен жазылған, ал қазіргі діни әдебиетте жиі кездеседі. Оны екінің бірі білмегенмен, филолог-әдебиетшілер білуге тиіс. Сондықтан ф-ның әліпби құрамында жүруін тек орыс тілімен байланыстырған дұрыс болмас. Қалай дегенмен шеттілдік сөздерді жазу үлгілері бүгінгі күннің сұранысын өтейді, ертеңгі күннің талабын сай болады деген үміт басым. Ал пікірталастар мен көзқарас алуандығы (плюрализм) істі ілгерілетеді, дамытады. Әліпби ауыстыруға ­байланысты пікірталастарды мен осы тұрғыда бағалаймын. 

– Бұған дейін дау тудырған пернетақта мәселесі қалай шешілмек? Жетілдірілген әліпби оған негізделген бе?

– Қоғам әртүрлі топтан, әртүрлі көзқарас иелерінен тұрады. Әрбір ұлттың коммуникативтік әдебі бар, ол ұлттың тілге деген көзқарасы негізінде қалыптасады. Ал тілдік қарым-қатынас ұлт өкілдеріне қатысты өзіміз және басқалар деп бөлу мүмкіндігін туғызады. Қазақ қоғамына көп елде қалыптасқан осы стандарт, жеке тілдік тұлғаның идентификациясын құрайтын белгілер, үйлеспейді. Қазақстандағы тілдік ортаны мынадай жіктеліске түсіруге болады: а) қазақша ойлап, ойын қазақша қағаз бетіне түсіретін қазақтілділер; ә) орыстілді қазақтар (ана тілін мүлде білмейтін қазақтар). Ал өз тілінде сөйлемейтін адамның ойлау жүйесі мен танымы, дағдысы, мәселені талдауы, соған сай әрекет етуі де бөлек болады; б) шалақазақтар. Бұлар ана тілін ауызекі тіл деңгейінде білгенмен, ойын қағазға орыс тілінде түсіретіндер. Соңғы екі топ бірен-саран өкілдерден ғана тұрмайды, олардың саны көп, яғни бұқаралық сипаты бар. Сондықтан пернетақтаға байланысты түрлі пікірлер айтылуы заңды. Бірақ ол да дұрыс шешімін табады деген ойдамын, сала мамандары бұл тұрғыда да пікірлерін білдіруде. Шешім табатыны әліпбидегі коррелят дыбыстардың орналасу тәртібінен сезіледі: Оо-Өө т.б. және әріптер қолға ыңғайлы позицияларға қолданыс жиілігі сияқты ерекшеліктеріне қарай орналасатын болар.

– Бұл жобаны соңғы әрі нақты деуге бола ма? Әлде алдағы уақытта бас­қа да нұсқалар талқылауға ұсыныла ма?

– Осыған дейін де өте көп нұсқа ұсынылғаны белгілі. Ұсыныс иелері тек тілші-ғалымдар емес, олардың арасында әртүрлі әлеуметтік топ өкілдері де болды. Ал соңғы нұсқа тілші-ғалымдарға берілген мүмкіндік аясында ұсынылып отыр және ғылыми негізі бар. Жобаның талқыланғанын, әдістемелік тұрғыдан сынамадан өткенін, көптеген шаралар атқарылғанын естен шығаруға болмайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ