27 шіл, 2022 сағат 20:13

"Әзірет Сұлтан" өкілдері мешітте түнемек болған жеті балалы анаға жауап берді


Әлеуметтік желіде жеті баланың анасы туралы бейнежазба пайда болды. Видеода көпбалалы ана өзін мешітке кіргізбеген бас имамды айыптайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Аты-жөні беймәлім әйелдің айтуынша, ол жеті баласымен бірге қонатын жер таппаған. Амалы қалмаған келіншек елордадағы “Әзірет Сұлтан” мешітіне барып, бір түн қонып шығуға рұқсат сұраған. 

“Имамға жағдайымды айтып едім, ол айғайлап, ішке кіріп кетті. Мені мешіттің ішіне жіберген жоқ. Қазір сіздердің берген ақшаларыңызбен қонақүйге түнеп шығамын. Ол жаққа да жеті баламен кіргізе ме, білмеймін”, – дейді келіншек. 

Осы жағдайға байланысты “Әзірет Сұлтан” мешіті түсініктеме берді. 

“Көпбалалы келіншек 20 шілде күні кешкі сағат 19:00 кезінде (екінті намазынан кейін) мешітке көмек сұрап келді. Ол мешіттің күзетшісінен өзін балаларымен бірге мешітте қондыруын талап еткен, тамақ беруді сұраған.

Сол уақытта «Әзірет Сұлтан» мешіті бас имамының міндетін атқарушы Әділхан Иманәліұлы келіп, ол кісіден қандай көмек керек екенін сұраған. Имам мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі бойынша құлшылық үйінде қонуға рұқсат берілмейтінін жеткізді. Алайда имам мешіттің қаржылық мүмкіндігі аясында оған материалдық көмек көрсетілетінін айтты.

Өкінішке қарай, әлгі әйел бұл ұсынысты қабылдамай, өз ұстанымынан қайтпай, мешітте ғана қонатынын айтты. Осылайша, ашуға берілген күйі имамның ұсыныстарын тыңдамастан, мешіттен шығып кетті. 

Осы орайда айтарымыз, “Әзірет Сұлтан” мешіті көмек сұрап келген шынайы мұқтаж адамдарға қашан да қол ұшын созып келеді. Алайда мешіттің ішкі ережесі мен тәртібіне сәйкес құлшылық үйінде қонуға болмайтынын тағы да қаперге саламыз. Мұндай жағдайда имамдар мүмкіндігінше қонатын басқа орын тауып беруге тырысады.

Дін қызметкері ешқашан ешкімге бейпіл сөз айтып, мешіттен қуып шыққан емес. БАҚ өкілдері мен әлеуметтік желі қолданушыларын бұл оқиғаға байланысты біржақты пікір таратпауын сұраймыз”, – делінген хабарламада.