Елордада өтіп жатқан Халықаралық нейрохирургия форумының кулуарында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дәл бүгінде республика бойынша қорқынышты жағдай жоқ – «жасыл» аймақтамыз. Біздің ауруханаларымызда жүздеген адам ем алып жатыр. Аурухананың алты-ақ пайызға толы. Соның ішінде 4 адамның денсаулық жағдайы нашар деген қорытындымен дәрігерлерің бақылауына алынды», - деді министр БАҚ өкілдерінің сауалына берген жауабында.
Оның мәліметі бойынша, респбулика «жасыл» аймақта тұрғандықтан, әзірге маска режимін енгізу күн тәртібінде тұрған жоқ.
«Өздеріңіз білесіздер, елімізде эпидемиологиялық жағдайды бақылайтын матрица бар. Егер өңірлер «жасыл» немесе «қызыл» аймақтарға енсе, тиісті санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қолданылады. Қазіргі жағдайда «жасыл» аймақта болғандықтан ондай шаралар жоқ. Ал егер «сары» аймаққа кірген кейбір өңірлерде аурушаңдық көбейіп, қандай да бір қауіп-қатер туындаса, министрлік тарапынан, саниталық-эпидемиологиялық дәрігердің тарапынан тиісті шаралар қолданылады. Бүгінгі таңда алаңдауға еш негіз жоқ. Бірақ алдымызды ойлап, қандай да бір шараларды жоспарлап қоямыз», - деді Ажар Ғиният.