ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың майнинг фермалары бойынша берген тапсырмасы орындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Президенттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
АЙТЫЛДЫ:
«Барлық майнинг фермаларын анықтап, салық және кеден мәселелерін тексеру, сонымен қатар шарттардың берілуіне негіз болған техникалық талаптар мен қызметтің басқа да аспектілерін зерттеу қажет».
ОРЫНДАЛДЫ:
- 51 майнинг ферманың заңсыз қызметіне тосқауыл қойылды, 55 ферма қызметін өздігінен тоқтатты;
- техникалық талаптарсыз олардың энергия қуаты көздеріне заңсыз қосылу, арнаулы экономикалық аймақтардың аумағында рұқсатсыз орнатылу, сондай-ақ салық және кеден төлемдерінен жалтару деректері анықталды;
- 25 қылмыстық іс қозғалып, құны 100 миллиард теңге болатын 67 мыңнан астам құрал-жабдық тәркіленді;
-қабылданған шаралар еліміздегі электр қуатын тұтынуды 600 мегаватқа дейін төмендетуге мүмкіндік берді;
- майнинг пен цифрлық активтерді нормативтік реттеу ісі қатаңдатылды.