Қаңтар оқиғасын тергеу жөніндегі «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының мүшелері жаппай тәртіпсіздіктер кезінде жасалған жыныстық зорлық-зомбылықтар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қоғам белсенділерінің мәліметінше, тәртіпсіздіктер кезінде сұлулық салонының қызметкерлері зардап шеккен. Әйелдерді бесінші қаңтар күні жұмыстан үйіне қайтып бара жатқан кезде зорлаған.
«5 қаңтарда автобустар жүрмеді, сұлулық салонының қызметкерлері жұмыстан қайтып келе жатқанда оларды белгісіз біреулер зорлаған. Олар полицияға арызданған жоқ. Отбасылары, күйеулері болғандықтан жария еткісі келмеген», - деді «Ақиқат» қоғамдық комиссиясының қаңтар айындағы оқиғаларды тергеу жөніндегі жетекшісі Айман Омарова.
Сонымен қатар, ол тағы бір зорлау оқиғасы әкімдік ғимаратының жанында болғанын айтты.
Алайда жәбірленушілер полицияға арызданбаған.
«Қоғамдық белсенділер мен заңгерлер зардап шеккендердің отбасыларына көмектесуге тырысуда. Олардың барлығы дерлік психологтардың қолдауына мұқтаж», - деді ол.