Жуырда Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия тақырыбы - «Бірліктің, татулық пен келісімнің отыз жылы». Осыған орай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Буларов Ильяс Юсупұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.
- Ильяс аға, өзіңіз туралы, отбасыңыз туралы айтып берсеңіз. Өмірде Сіз үшін не маңызды?
- Шақырғандарыңыз үшін рахмет, өз ойларыммен бөлісуге әрқашан қуаныштымын.
Мен Қазақстанның киелі жерінде – Жамбыл облысы Қордай ауданы Сортөбе ауылында дүниеге келдім, сол жерде өсіп-өніп, білім алдым. Әкем дүнген, ал анам қазақ.
Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, өз ауылыма қайта оралдым. Отбасым бар, екі қызым мен екі ұлымды тәрбиелеймін.
Еңбек жолым 1973 жылы Коммунистический колхозында слесарь-жөндеуші ретінде басталды, кейін жауапты басшылық лауазымдарды атқардым. Соңғы 5 жылда Сортөбе ауылдық округінің әкімі қызметін атқардым.
Адамға өмір бір-ақ рет беріледі, сондықтан бұл өмірде көптеген жолдардың ішінен өз жолыңды таңдап, соған бар күш-жігеріңді жұмсау – мен үшін үлкен бақыт. Өмірімнің жол сілтегіші ретінде Отаныма, халқыма аянбай қызмет ету болап табылады.
Өткенге көз жүгірте отырып, кішкентай кезімде мен әрқашан этностар арасындағы достықты, өзара түсіністік пен сыйластықты дамытуға өз үлесімді қосуға ұмтылғанмын. Балаларымды, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге тырысамын, туған жерін, Отанын сүюге баулудан шаршамаймын.
– Қазақстан халқы Ассамблеясынан Парламенті Мәжілісінің депутаты ретіндегі Сіздің миссияңыз қандай деп ойлайсыз?
– Менің осы өмірдегі басты міндетім – еліміздің өсіп гүлденуі, Қазақстанның киелі жерінде бейбітшілік пен келісімнің орнауы деп түсінем.
Бүгін Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мен ұлыстар еліміздің ашық аспаны мен көк туының астында бейбіт өмір кешуде. Бұл қазақ халқымыздың кеңдігін, бірлігін, ұйымшылдығын, ынтымақтығын білдіреді.
Ал Мемлекетіміздің Тәуелсіздігі – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен бақыты, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік.
Қазақстан Республикасы халқымыздың үздік дәстүрлерін сақтай отырып, сарабдал саясат пен мемлекет дамуының дұрыс, айқын жолын таңдады. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекетіміздегі этносаралық қатынастарды нығайту бойынша жүргізіліп отырған саясатты тиімді жолмен іске асырып келеді.
Ағымдағы жылғы 28 сәуірде Ассамблеяның XXIX сессиясы өткені баршаңызға аян. Құрылғаннан бері Ассамблея Парламентте өкілдігі бар жалпыұлттық институт болып қалыптасты. Халқымыз бен Ассамблеямыздың арқасында қоғамда бейбітшілік пен тыныштық, ынтымақтастық пен бірлігіміздің күші арта түсті десем, артық болмас. Маңыздысы, Біріккен Ұлттар Ұйымы да Ассамблеяның қызметіне үнемі жоғары баға беріп келе жатыр.
Тәуелсіздік алғаннан бері Елбасы Н.Ә. Назарбаев этносаралық татулық пен келісімді сақтап, одан әрі дамытуға барынша күш-жігерін салып келеді. Елбасының салиқалы саясаты арқасында көптеген жетістіктерге қол жеткіздік, және сол жетістіктерімізді бүкіл әлем мойындады.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде мен этносаралық қатынастар саласына тікелей әсер ететін көптеген қоғамдық мәселелерді, сонымен қатар қазақ тілін қолдану аясын кеңейту, жер және көші-қон, халықты газбен қамтамасыздандыру және басқа да осындай мәселелерді оңтайлы шешу үшін күш-жігерімді аянбай еңбектеніп жүрмін.
Елімізде этносаралық келісім мен ынтымақтастықтың тамыры терең жайылсын деген ел-жұртмыздын тiлeгiн іске асыруға бар күшімді салып келем. Осы оймен Қордай ауданында барлық ауылдардың қатысумен ел бірлігін нығайтуға бағытталған ic-шаралар ұйымдастырып жатырмыз.
Келісім болған жерде бірлік бар. Біздің міндетіміз – Елбасы бастап, іргесі қаланған Тәуелсіз елімізді тұтасымен сақтап, келер ұрпаққа аман-есен жеткізу.
Ал бірлігi берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы артпақ.
Сондықтан менiң қазipгi басты максатым осы – этностар мен діндер арасындағы татулық пен келісімді нығайту. Біртұтас, мызғымас елiмiздiң бірлігі – біздің басты байлығымыз деп түсінем.
Бұл ретте, елімізде татулық пен бірлікті нығайту жөніндегі міндеттер әр азаматының миссиясына айналуы тиіс деп ойлаймын.
- Отан, патриотизм ұғымдары сіз үшін нені білдіреді?
- Мен үшін Патриот болу дегеніміз – өз Отаныңды сүйіп-дәріптеу, мақтан тұту және оның өркендеуі үшін аянбай еңбек ету. Ал менің Отаным біреу ғана, ол - Қазақстан Республикасы! Мен осында дүниеге келдім, өстім, менің бақытым, тағдырым Қазақстанның киелі жерінде ашылды.
Ұлы Абай: «Басқа халықтың тілін білу сені осы халықтың толыққанды мүшесі етеді» - деп айтқан еді. Қазақ тілі барлық этностар арасында қолдау тауып, біріктіруші рөл атқаратын дәрежеге жетіп қалды. Бұл да бір мемлекет саясатының дұрыс бағытта келе жатқандығының дәлелі.
Өзім жас шағымнан қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Менің Масаншы, Сортөбе, Қаракемір, Күнбатыс ауылдарындағы достарым мен туыстарым ерте жасынан әрқашан екі тілде сөйлейтін. Осының арқасында аудан тұрғындары арасында терең сыйластық қарым-қатынастар болды.
Өз Отанын сүйетін әрбір қазақстандық азамат қазақ тілін, дінін, мәдениетін құрметтеуі тиіс деп есептеймін. Күннен күнге қазақ тілін меңгерген этнос өкілдері санының өсуін көргенде, менің жүрегім қуанады.
Жастарды бала шағынан бастап бірлескен іс-шаралар арқылы келісім мен татулыққа баулу қажет. Жастарымыз бейбіт өмірдің керемет құндылықтарын жүректеріне, санасына ертерек сіңіріп алғаны дұрыс.
Бұл ретте түрлі этнос өкілдерінің жігіттері қазақстандық әскер қатарында әскери қызметтен өтуі Отан алдында үлкен міндет және туған жеріне деген ыстық сезімдерінің белгісі. Әскери қызмет кең байтақ елміздің түкпір-түкпірінен жан достарын табуға, адамның ғажайып жан дүниесін ашуға көмектеседі.
Мәселен, дүнген жастары Қазақстанның әскер қатарында болып келіп, кез келген этнос өкілдері – қазақ, орыс, кәріс, ұйғыр тағы басқа өздерімен жасты балалармен достасып, өмір бойы сырласып, бір-бірін қонаққа шақырысып, сыйласып жүргенін өз көзіммен талай рет көргенмін.
Осындай керемет достастықтың орын алуы – ол Қазақстандағы этнос құқықтары теңдігінің дәлелі.
Сөзімді қорытындылай келе, патриот болу – елінің қамын, болашағын ойлау.
Қазақстанның әр азаматы этностық тиесілігіне қарамастан, патриот болуы керек деген ойдамын. Еліміздің дамуы сонда ғана өрге жүзеді.
– Жақын арада Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясы өтті. Ассамблеяның этностар достастығы саласындағы маңызы, атқаратын рөлі қандай деп ойлайсыз?
– Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінгі таңда мемлекетіміздің беделін арттыратын бүкіл әлемге танылған бірегей қоғамдық институтқа айналды.
Ассамблеяның қызметі мемлекеттік этносаралық саясатты іске асыруға және этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Мемлекет қазақстандық этностардың мәдени, шығармашылық, зияткерлік қажеттіліктері үшін барлық жағдайды жасады.
Атап айтатын болсақ, еліміздің барлық өңірлерінде 40 Достық үйлері жұмыс істейді. Ассамблея әртүрлі этнос өкілдерін осы Достық үйлерінде мемлекеттік және ана тілін тегін үйретуге, мәдениетпен, салт-дәстүрмен және т.б. танысуға көптеген тамаша мүмкіндіктер жасайды. Жас және талантты қазақстандықтарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Осының бәрін өздеріңіз де күнделікті көріп жүрсіздер.
Оған қоса, Ассамблея көптеген әлеуметтік пайдалы жобаларды іске асыруда. Ол белсенді түрде қайырымдылықпен, волонтерлікпен, аумақтарды абаттандырумен, этносаралық негіздегі қайшылықтардың алдын алумен, өскелең ұрпақты тәрбиелеумен айналысады. Қоғамдық бақылауды жүзеге асырып, оның ішінде өңірлер мен аудан бюджеттерін қарауға атсалысады. Бұл мақсатта Ассамблеяның үкіметтік емес ұйымдар және жастармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен бірлесіп өзара ынтымақтастықта жұмыс жүргізу маңыздылығы өсіп келеді.
Бүгiнде Қазақстан халқы Ассамблеясы саяси тұрақтылықтың, этносаралық және конфессияаралық келісімнің, ел тыныштығы мен бірлігінің ұйытқысы болып отыр. Тек ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Казiргi таңда бiз қоғамдағы түрлі өзгерістерге, уақыт талабына сәйкес жұмыс істеуге тиіспiз.
Сондықтан, Ассамблеяның алдында бұрыңғыдан да биік мақсаттар мен міндеттер тұр.
Қоғамның барлық салаларындағы маңызды мәселелерді тиімді шешіп, оның жұмысы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ету бойынша жұмысты жаңа деңгейге шығару маңызды.
Ассамблея жеке этностардың мүдделерін емес, жалпықазақстандық мүдделерді қорғайды. Қазіргі кезде Ассамблея – адамзаттық құндылықтарды тарату арқылы этностардың басын қосатын біріктіруші күшке айналуда.
Осының бәрі келешегіміздің жарқын әрі берекелі болуы үшін маңызды.
Барша қазақстандықтарды мейірімді болуға шақырамын. Мейіріміміз өссе, дәулетіміз де арта береді.
Енді осы тамаша мүмкіндікті пайдалана отыра, Сіздер арқылы елімізді көктемнің керемет әрі шуақты мерекесі – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл – достық пен сыйластықтың мерекесі.
Халқымызға – ынтымақ, елімізге – молшылық, әр шаңыраққа – бақыт пен шаттық тілеймін. Қазақстан атты ортақ үйімізде бірлігіміз жарасып, сүйікті еліміз гүлдене берсін! Ынтымақтастығымыз мәңгі болсын, ағайын!
– Әңгімеңізге рахмет!