14 қаз, 2024 сағат 16:14

Аймағамбетов 10-11 сынып оқушыларына колледжде қатар оқуға мүмкіндік беруді ұсынды

Фото: Pexels.com

Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту тақырыбындағы Үкімет сағатында Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Қазақстандағы колледждер мәселесін көтерді. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Ол колледждер бойынша бірыңғай білім беру тапсырысын қалыптастыру және колледждерді жедел басқаруды Оқу-ағарту министрлігіне тікелей беру мәселесін қарастыру ұсынды. Айтуынша, "Жас маман" жобасын жандандырып, қалған 180 колледжді жабдықтау керек.

"Колледждегі гранттың құнын айтарлықтай ұлғайту қажет және бір студентті оқыту құнының әдістемесінде практикалық жұмысқа, шығын материалдарына және жабдықтарға жұмсалатын шығындарды ескеру керек. Нақты кәсіпорынның өзіне мақсатты білім гранттарын беру тәжірибесін еңгізу ұсынылады. Яғни, грант жұмыс берушінің өзіне беріледі, ол болашақ жұмысшыларын — кәсіпорынның өзі таңдайды. Өз кезегінде жұмыс беруші түлекті жұмысқа орналастыру туралы кепілдеме береді, дуальді оқытудағы практика орнын, білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысуды да кепілдейді. Ал біз ол студенттерді оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорында жұмыс істеу міндетін заңнамалық түрде енгізуді жоспарлап отырмыз. Нынсаналы грант пен нысаналы жұмысқа тұрғызу", - деп ұсыныс айтты депутат.


Сондай-ақ Аймағамбетов 10-11 сынып оқушыларына өз таңдауы бойынша мектептегі оқуымен бірге колледждерде параллельді түрде оқуға мүмкіндік беруді ұсынды. Бұл мектеп түлегіне 11 сыныпты аяқтағаннан кейін аттестатпен қатар, нақты біліктілігі бар диплом алуға, негізгі пәндерді екі рет оқуды болдырмауға мүмкіндік береді.

"Колледждер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттар (ОӨК) тәжірибесін қайта бастау қажет. Бірақ мектептер жанында оларды ашу мүмкін еместігін түсіну керек, ғимараттар да, қаражат та жоқ. Ал колледждердің әлеуетін пайдалану әбден мүмкін. Осы жобаны енгізіп, мектептер мен колледждер арасындағы өзара байланысты орнату қажет", - дейді ол.


Осыдан кейін депутат мектептердің штаттық кестесіне кәсіби бағдар берушілерді енгізгенімен, әкімдіктер қаражат бөлмейтінін атап өтті. Штат бар, ақша жоқ, яғни профориентаторлар жұмыс істемейді, дейді.

"Университеттерді де бір министрлікке беру мәселесін қарастыру ұсынылады. Әр министрлік бөлек басқарғаны тиімсіз. Жоғары білім министрлігі бір жерден басқарғаны білім сапасы үшін тиімді", - деді А.Аймағамбетов.


Бұған дейін Асхат Аймағамбетов Англияда «құлпынай теріп жүрген» азаматтарды санап жатқан ешкім жоқ екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Аймағамбетов жұмыспен қамту бағдарламаларын сынады.