21 там, 2020 сағат 09:45

Әйелінің басын балтамен жарған түркістандыққа сот үкімі шықты

Түркістан облысында әйелін балтамен ұрып, ауыр жарақат салған ер адам 11 жылға сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, биылғы 27 ақпанда, таңғы сағат 9:40-та Келес аудандық полиция бөліміне аудан көшелерінің бірінде белгісіз әйелдің жарақаттанып жатқаны туралы хабар түскен болатын. Полицейлер бірден істі ашуға бағытталған тексеру шараларына кірісіп, сол аумақты тыңғылықты тексерді. Куәгерлерден жауап алынды. Сонымен қатар оқиға орнынан айғақты зат ретінде балта тәркіленді. 

Ауыр жарақат алған әйел денсаулығына байланысты шағымдана алмағанн соң, оның әпкесі полиция бөліміне келіп арызданды. Арыз ҚР ҚК-нің 24-99-бабы «Адам өлтiруге оқталу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіп, тергеу жүргізілді.

«Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде, күдікті ретінде зардап шеккен әйелдің күйеуі 2-3 сағат ішінде аудан көшелерінің бірінен ұсталды. Тергеу барысында белгілі болғандай, күдікті мен әйелінің арасында отбасылық жанжал туындаған және бұл, ерлі-зайыптылар арасындағы алғашқы кикілжің болмаған. Бұған дейін де бірнеше рет қайталанған. Ал дәл осы жайт кезінде күйеуі әйелді ұрып соғып, оған балтамен ұмтылған. Зәресі ұшқан әйел қаша жөнеледі. Алайда, күйеуі артынан қуып жетіп, қолындағы балтасымен оны аяусыз соққан. Бүгінгі таңда зардап шеккен әйел емханаға қаралып, тиісті отасы жасалды. Алайда бетіне тиген балтаның салдарынан бір көзі қатты зақымданып, бір жағынан бас жарақатын алған», - делінген ақпаратта. 

Мәлім етілгендей, қазіргі уақытта әйелдің жағдайы бірқалыпты. Ол Шымкент қаласындағы туыстарының үйінде. Тағы бір ота жасауға дайындалуда. 

Түркістан облыстық сотының шешімімен күдікті 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды.