20 там, 2020 сағат 15:15

Әйелін қырық жерден пышақтаған әкімдік қызметкері сотталды ‐ Қостанай

Бүгін Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен жұбайын өлтірген Қостанай қаласының тұрғыны сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сот дерегіне сүйенсек, оқиға 2019 жылғы 4 тамызда Қостанай ауданының Заречный ауылында болған. Сотталушы отбасылық жанжал кезінде жұбайын қырық жерден пышақтаған. Бұған жұбайының ажырасқысы келгені себеп болған. 

«Жұбайының мойын мен кеуде қуысына көптеген (40 шақты) пышақ жарақатын салады, ол оқиға орнында көз жұмды. Бұдан әрі сотталушы қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін өзінің мойны мен кеудесін және білек аймағын пышақпен кескен. Бұл әрекетін жанжал кезінде өзін-өзі қорғағанын дәлелдеу үшін жасағаны белгілі болды. Сотталушының қасақана кісі өлтірудегі кінәсі жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен және іс бойынша жүргізілген сараптамалардың қорытындыларымен дәлелденді. Марқұмның үш жас баласы қалды, олардың қамқоршысы марқұмның үлкен әпкесі болып бекітіледі», делінген облыстық соттың баспасөз хабарламасында.

Сот қаскөйдің қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды анықтаған жоқ. ҚР ҚК 99-бабы 1-бөлігі бойынша іс қозғалды. Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, сот оған 14 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

«Сотталған ер адам жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - дейді соттың баспасөз қызметіндегілер. 

Сотталушының қалалық әкімдіктің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде жұмыс істегені анықталды.