Елордада зайыбымен жанжалдасқан ер адам екі тәулікке қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінен мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Кешкі уақытта 102 арнасына 45 жастағы ер адамның алкогольдік ішімдікке масайған күйінде әйеліне балағат сөз айтып, психологиялық қысым жасап жатқаны туралы хабар келіп түсті. Белгілі болғандай, бұл адам осыған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Алайда оның осы жағдайдан сабақ алмағанын байқауға болады», - делінген полиция хабарламасында.
Аталған ер адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Сот қаулысымен ол екі тәулікке қамауға алынды.
Айта кетейік, жыл басынан бері отбасылық тұрмыстық қатынастар саласында полиция тарапынан екі мыңға тарта әкімшілік іс қозғалды. 4724 қорғау нұсқамасы беріліп, сот тарапынан 249 адамның тәртібіне ерекше талап бекітілді. 215 адам қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды.