04 қыр, 2024 сағат 17:17

"Әйелдерге ұятсыз ұсыныстар жасаған": Асқар Садықов депутаттық мандатынан неліктен айырылғаны белгілі болды

Фото: parlam.kz

Бұл туралы партия төрағасы Азат Перуашев Telegram-дағы арнасында жариялап, кейбір фактілер құқық қорғау органдарының назарына ілігуі мүмкін екенін атап өтті.

"А.Садықовтың партиядан шығарылғаны жөнінде журналистердің толассыз сұрақтарына түсініктеме бере кетейін. Партиямыздың атына А.Садықовқа қатысты бірқатар шағымдар түсті, онда айтылған жәйттар пленумда қаралып, тиісті шешім шығарылды.

Шағымдардың дені оның теріс іс-әрекеттеріне, атап айтқанда, өкілеттігін асыра пайдалану мен этикалық нормаларды бұзуына байланысты болды. Шағымдардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке фактілер келтіруге болатын болса да, бір ғана мысалды атап өту жеткілікті деп ойлаймын", - деп жазды Перуашев.


Оның сөзінше, парламентте (партияда емес) жұмыс істейтін бір әйел адам А.Садықовтың бірнеше рет ұятсыз ұсыныстар жасап, қысым көрсеткені туралы айтып арызданған.

"Ол өзінің сөзіне дәлел ретінде ватсабына А.Садықовтан келіп түскен хабарламалардың скринін көрсетті (этикалық себептертерге байланысты оның бопсалауына тап болған аталған жәбірленушінің есімі жасырылған).
Арызданушы 17 сәуірде өзіне жазылған мұндай қорлау ұсыныстарды жауапсыз қалдырып, елемеген екен. Алайда, 15 мамырда бұл әрекеттер тағы қайталанған және арызданушының айтуынша, А.Садықов жыныстық бопсалауды жүйелі түрде басқа күндерде де жалғастырған. Бірақ, А. Садықовтың депутаттық қол сұғылмаушылыққа ие екендігуне байланысты, харрасментке тап болған жәбірленуші құқықтық қорғауға жүгіне алмаған", - деп жазды партия төрағасы.


Оның айтуынша, пленум барысында осындай әшкере болған заңсыз әрекеттерге жол берілмейтіндігі туралы ескертуіне жауап ретінде А.Садықов «өзінің депутат екенін және кімге не қаласа соны айтуға құқылы екендігін» айтқан.

"Сондықтан, біз бұл кедергіні алып тастадық, ал, А.Садықовты депутаттық мәртебесінен айыру туралы қабылданған шешім жәбірленушіге ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға мүмкіндік береді.
Оның лайықсыз мінез-құлқының басқа да фактілері бар, соның негізінде осындай шешім қабылданды. Олардың кейбіреулері құқық қорғау органдарының да назарын аударуы мүмкін, ондай жағдайда қажетті көмек көрсетуге дайынбыз", - деп жазды Перуашев.


Перуашев бастапқыда жеке хат алмасудың скриншотын жариялаған. Алайда кейін өшіріп тастады. Бұл әрекетін ол біреудің хабарламаларын оқып, оны жариялауға еш құлқым жоқ еді деп түсіндірді.

"Алайда, біздің үнсіздігімізді біреулер басқаша түсінген сияқты, сұхбаттың бірінде өзін 1937 жылғы репрессиялар құрбандарымен салыстырып, "шындық" үшін жазым болғандай қылып жеткізген А. Садықов та соған себепші.
Бұл "шындықтың" да шынайы бет жүзін көрсетуге мәжбүрміз, одан басқа да эпизодтар мен құжаттар жетерлік. Пленум нақты фактілерге сүйене отырып А. Садықовты партиядан шығару туралы шешім қабылдады. Соның ішінде, бұл жағдайлардың (бірнешеу) одан да қауіпті салдары болмас үшін. Өзге адамдардың ар-намысы мен жеке өміріне қатысты болғасын бұл жағдайды көпшілік алдына шығару маған өте жиіркенішті болса да, осы мәселе төңірегіндегі дау-дамай мен алып-қашпа әңгімелердің нүктесін қоюға мәжбүрмін", - деп жазды ол.