ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Мемлекет басшысының жаңа Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қаңтар оқиғасынан кейін көпшіліктің көңілінде ендігі елдің жағдайы не болады? деген сауал туындады. Бірақ, өздеріңіз көріп жүргендей қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің халық алдына өзі шығып, жағдайды жеткізуі көптеген күмән, дақпырт пен қауесетті жоққа шығарды. Соңғы саяси оқиғаларға байланысты қоғамда күтпеген жағдайлар болып жатыр. Осындай жағдайда экономиканы дамыту үшін, жаңа саяси реформалар қажет. Кешегі жолдау соның куәсі. Өйткені, біздің байқап отырмыз Қазақстанның экономикалық даму моделі өзінің шегіне жетті. Бізге одан әрі даму үшін жаңа энергия көзі керек», - деді Айдос Сарым орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен дөңгелек үстелде.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Президенттің жаңа Жолдауындағы басты қуантарлық дүниенің бірі жаңа облыс орталықтарының құрылуы.
«Жаңадан құрылған 3 облыстың жыры 25 жыл бойы айтылып келе жатқан жайт. Жаңа облыс болу сол аймақта тұрып жатқан халықтың еңсесін көтеріп, болашаққа деген сенімін күшейтті. Осы және өзге де саяси реформалар елімізде қалыптасқан саяси бәсекелестік ережелерін қайта жасақтады десек болады. Мұндағы мақсат - саяси алаңды жаңарту, ішкі саясат алаңына жаңа ойыншылардың келуіне мүмкіндік беру. Енді бізге Мемлекет басшысы жіктеп бірген жайттарды іске асыруымыз қалды. Мәселені Конституцияға өзгерістер енгізуден бастау керек ойлаймын», - дейді ол.