07 нау, 2023 сағат 15:33

Аяғына балға құлап, боқтап жіберген адам жазаға тартылмайды – министр

Фото: elements.envato.com

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қандай жағдайда қазақстандықтарға балағат сөз айтқаны үшін айыппұл салынатынын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның айтуынша, балағат сөздердің квалификациялық белгілері бар.

"Яғни егер боғауыз сөйлеген адам шынымен қоғамдық тәртіпті бұзған болса, қоғамды сыйламаушылық байқалса әкімшілік жазаға тартылады. Бұл жерде бұзақының былапыт сөздерінен ар-намысына нұқсан келген жәбірленуші болуы керек. Аяғыңа балға құлап, боқтап жіберсе, бұл қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналмайды", - деп түсіндірді Ахметжанов Үкімет кулуарында.

Министр қоғамдық орындарда былапыт сөз айтқан адам лайық жазасын алатынын атап өтті. Еске салсақ, 6 наурыздан бастап Қазақстанда қоғамдық орындарда балағат сөз айтқаны үшін салынатын айыппұлдың мөлшері өсті. Бұған дейін айыппұл мөлшері 5 АЕК (17 250 теңге) болса, енді – 20 АЕК (69 000 теңге).

Сондай-ақ әлеуметтік желідегі былапыт сөздер үшін де жауапкершілік бар. Әлеуметтік желілерде айтылған балағат сөз қоғамдық орындарда немесе айналасындағыларға сыйламаушылық танытып, азаматтардың тыныштығын бұзса, ол үшін жауапкершілік ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.