Фото: Астана қаласы әкімдігі
Қазіргі кезде үлкен қалалардағы қоғамдық орындарда ақша жинап, мұқтаж жандарға көмектесіп жүрген еріктілер жиі көзге түседі. Құқық қорғау органдары олардың қызметі тексерілетінін мәлімдеді. Еріктілердің жұмысына белгілі бір көлемде ақы төлеп отыратын қоғамдық қорлардың ақша айналымы ашық айтыла бермейді. Ал қор өкілдері заң аясында жұмыс істеп отырғанын алға тартады.
Астана қаласының Қонаев көшесі бойында келе жатқан №29 автобусқа қолында қорабы бар жас бала мінді.
"Сәлеметсіз бе, құрметті жолаушылар! Мазаларыңызды алсам, кешіріңіздер", – деп бастады ол сөзін.
Ерікті "Рухани бастама" қайырымдылық қорынан екенін, елордада церебральді сал ауруына шалдыққан 4 жастағы Қобыланды есімді балаға көмек жинап жүргенін түсіндірді.
"Қазіргі уақытта Қобыланды есімді науқасқа көмектесіп жатырмыз. Сіздің әрбір 50 не 100 теңгеңіз оған көмектеседі, алдын ала алғыс айтамын", – деп өтініш білдіріп, сөзін қайырды.
Жартылай бос автобустың ішінде қарт кісілер қолдарын созып, тиын берсе, ересектер мен жастардың кейібірі QR арқылы төлеп, аз да болса жанаршылық көрсетті.
MNU Newsroom тілшісі мәселенің мән-жайын жақынырақ білу үшін еріктілердің бірімен тілдесті.
Церебральді сал ауруына шалдыққан балаға көмек жинап жүрген тағы бір еріктінің есімі – Айтбек. Жасы – 15-те.
Жасөспірімнің айтуынша, жұмыс іздеп жүргенінде бір белгісіз адам қасына жақындап "Жұмыс істегің келе ме?" деп сұраған. Ол Айтбекке "автобустарды аралап, көмек сұрау керек, жинаған соманың 30 пайызын өзіңе қалдырасың" деген.
Беймәлім кісі Айтбекті кеңсесін ертіп апарып, қолындағы қорапты ашып, ішіндегі ақшаны санаған. Ондағы жиналған соманың үштен бірі шамамен 15 мың теңге шыққанын білгеннен кейін Айтбек жұмысқа келіскенін айтты.
"Рухани бастама" қоры әлеуметтік желілерге күндік табыс "10-15 000 теңге аралығында" деген хабарландырулар арқылы да волонтерлерді жұмысқа тартады. Қордың Астанадағы өкілі Нұрсұлтан Тайбергеннің айтуынша, қазір қорда 3-5 ерікті бар.
"Жұмысқа кіргенде бірнеше автобусты аралап шықтым. Алайда, маған жұмыс ұнамады. Ештеңе істей алмаймын, бірақ ақша қажет болды. Жұмыс істеуге тура келді, сонымен 3 жыл бойы көмекке ақша жинап жүрмін", – дейді Айтбек.
19 қыркүйекте Парламент сенатының отырысында депутаттардың бірі ішкі істер министрлігінің өкілінен қоғамдық көліктерде ақша сұрайтын еріктілер туралы сұрады. Министрдің орынбасары Игорь Лепеха бұл мәселеден хабардар емес екенін айтып, олардың жұмысына тексеру жүргізетінін мәлімдеді.
"Бұл жасөспірімдердің кім екенін, олардың артында кім тұрғанын анықтау үшін тиісті департамент басшыларына тапсырма беремін. Егер олардың артында біреу тұрып, осылай табыс тауып отырған болса, онда ол алаяқтық болады", – деді министрдің орынбасары.
Үкімет өкілі балаларды эксплуатациялау әрекеті анықталса, тиісті шаралар қолданылатынын айтқан.