16 қаз, 2020 сағат 06:24

Ауыр қылмыс жасап, іздеуде жүрген Ресей азаматы Қазақстаннан ұсталды

12-14 қазан аралығында көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері «Қаңғыбас» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Іс-шараның мақсаты - белгілі бір тұрғылықты мекенжайы, құжаттары жоқ және қаңғыбастықпен айналысатын адамдар арасындағы қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, хабар-ошарсыз кеткен адамдардың орналасқан жерін анықтауға, сондай-ақ қылмыскерлерді іздеуге бағытталған. Бұл туралы көліктегі полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев айтты.

Оның айтуынша, көлік полицейлері жолаушы пойыздарында, вокзалдарда, парктер мен перрондарда тексеру жүргізді .

13 қазан күні департаменттің криминалдық полиция қызметкерлері аталған іс-шараны өткізу барысында Ақмола облысы Щучинск қаласының теміржол вокзалы ауданында Ресей Федерациясының 49 жастағы азаматын анықтап, ұстады.

Аталған азамат өткен жылдың қыркүйек айынан бері Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 159-бабы 3-бөлігі ( алаяқтық ) бойынша ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде болған. Қазір оған қатысты «ешқайда кетпеу» туралы бұлтартпау шарасы қабылданды.

Сол күні Нұр-Сұлтан қаласында ұрлық жасаған 26 және 33 жастағы тағы екі азамат ұсталды.

О. Бекеев жедел алдын алу іс-шарасы аясында белгілі тұрғылықты жері жоқ 243 адамның дактилоскопиялық есепке қойылғанын айтты. 

«Мұндай шаралар адамның қылмыс жасауға ықтимал қатыстылығын, адамның іздеуде жүргенін анықтауға мүмкіндік береді. Тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында іздестіріліп жатқан 6 адам, оның ішінде ауыр қылмыс жасағаны үшін іздестірілген 3 қылмыскер ұсталды. Сондай-ақ, хабар-ошарсыз кеткен бір адам анықталды», - дейді полиция полковнигі.