04 мам, 2021 сағат 10:45

Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек - Мамин


Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта вирус жұқтырудың өсу қарқыны тұрақтанып келеді. Вирустың репродуктивтілік деңгейі аздап төмендеп, 0,98 құрады. Ауруханаларда орындар – 42 пайызға, жансақтау бөлімдері 28 пайызға толы. 9 өңір «қызыл аймақта». Бұл - Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары және Батыс Қазақстан, Ақмола, Қараганда, Қызылорда, Павлодар, Жамбыл облыстары. Бүгінгі күні өңірлерге 2,3 млн астам вакцина жеткізілді. 1,5 млн-ға жуық адам вакцинаның бірінші компонентін және 350 мың адам екінші компонентін алды. Мамырда екі миллионнан астам адамды вакцинамен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз», - деді Асқар Мамин Үкімет отырысында. 

Оның атап өтуінше, вакцинаның қажетті көлемі бар. Сондықтан вакцинациялаудың осы қарқынын төмендетпей, оны тек өсіру керек. 

«Халықтың коронавирусқа қарсы вакцинаға қажеттілігін барынша қамтамасыз етіп, пандемия деңгейін төмендету үшін барлық іс-шаралар іске асырылуда. Ауыл тұрғындарына вакцина салуға ерекше назар аудару керек. Сонымен қатар вакцина алғандардың саны артқанымен, азаматтар белгіленген санитариялық нормаларды қатаң сақтауды жалғастыруы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Осыған байланысты Премьер Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп жылжымалы вакциналау пунктері арқылы ауыл халқын барынша вакциналауды тапсырды.

Әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмысын шектеудің жаңа критерийлерін енгізуді, вакцина алғандарға жеңілдіктер беруді бақылауда ұстау қажет екенін мәлімдеді.

Ақпарат министрлігіне қазақстандықтар арасында вакциналау науқаны мен карантиндік шектеулер туралы түсіндіру жұмысын кеңейтуді бұйырды.