28 ақп, 2023 сағат 13:14

Ауруды ерте сатысында анықтай алатын жоғары білікті мамандар қажет - Смайылов

Фото: primeminister.kz

Қазақстанда халыққа онкологиялық көмек көрсету шараларын күшейту жоспарланып отыр. Тиісті мәселе ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният республикада онкологиялық аурулары бар 205 мыңнан астам пациенттің динамикалық бақылауда тұрғанын, жыл сайын 37 мыңнан астам жаңа жағдай анықталатынын, қатерлі ісіктен 13 мыңнан астам адам қайтыс болатынын баяндады. 2022 жылғы жұмыс қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіш Қостанай, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында байқалады.

Онкологиялық медициналық көмекті одан әрі жетілдіру мақсатында Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді. Оның шеңберінде онкологиялық скринингтік бағдарламаларды кеңейту, адам папилломавирусына қарсы вакцинациялауды енгізу, қажет болған барлық өңірлердегі онкологиялық орталықтарды жөндеу, сондай-ақ олардың диагностикалық жабдықтарын жаңғырту жоспарланып отыр

Бұдан басқа, Алматыда, Атырау, Алматы, Ұлытау, Жетісу және Ақтөбе облыстарында жаңа онкологиялық орталықтардың құрылысы, ал Астанада Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми орталықтың ашылуы күтілуде.

Сондай-ақ ісікке қарсы жаңа дәрілік заттарға қолжетімділікті арттыру, онкологиялық пациенттер үшін мобильді бригадалар желісін кеңейту, ғылымның тиісті бағыттарын және жалпы кадрлық әлеуетті дамыту жөніндегі шаралар көзделген.

Отырыста Астана қаласының бас онкологы, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері Мұхтар Төлеутаев та өз ұсыныстарын білдірді.

Премьер-Министр тіпті ең заманауи медициналық технологиялар болған жағдайда да онкологиялық ауруларды емдеу әлі де бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау салалары үшін үлкен сынақ болып қала береді. Осылайша, Қазақстанда жыл сайын онкологияның 37 мыңнан астам жаңа жағдайы анықталады. Бұл ретте, 20 жыл ішінде өлім-жітім деңгейінің 33%-ға төмендеуіне қарамастан, қатерлі ісік жыл сайын 13 мыңнан астам адамның өмірін қияды.

Әлихан Смайылов онкологиялық аурулармен ауыратын науқастардың жартысынан көбі еңбекке жарамды жастар екенін айтты.

«Мұндай көрсеткіштердің басты себебі – ауруды кеш анықтау. Сізде ең жаңа жабдықтар мен дәрі-дәрмектер, заманауи ауруханалар болуы мүмкін, бірақ ауруды ерте сатысында анықтай алатын жоғары білікті мамандар қажет. Сондай-ақ халықпен үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізу қажет», — деп атап өтті Премьер-Министр.

Үкімет басшысы өңірлерде медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту бойынша жүйелі шаралар қабылдау қажеттігіне назар аударды. Бұл қалалық және ауылдық тұрғындар, өңірлер мен Астана арасындағы медициналық қызмет көрсету деңгейіндегі теңгерімсіздікті азайтуға мүмкіндік береді.

«Қазақстандықтар диагноздың кеш анықталуы, жергілікті жерлерде медициналық мекемелердің нашар қамтамасыз етілуі, медицина қызметкерлері мен дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне шағымданады. Мұның бәрі онкологиялық аурулардан өлім-жітімнің жоғары болуына әкеп соғады», — деді Әлихан Смайылов.


Оның айтуынша, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төмен анықтау мен өлім-жітім деңгейінің өте жоғары екені анықталып отыр.

«Бұл өте маңызды мәселелер, оларды жүйелі түрде шешу қажет. Адамдардың отандық медицинаға деген сенімін, олардың тұрақты тексеруден және сапалы емдеуден өту қажеттілігін қалпына келтіру керек. Ол үшін біз жаңа онкологиялық клиникалар саламыз, жабдықтар мен дәрі-дәрмектер сатып аламыз, заманауи емдеу әдістерін енгіземіз. Бұған онкологиялық аурулармен күресудің жаңа кешенді жоспары да бағытталған», — деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы атап өткендей, бүгінгі таңда азаматтардың үлесі 20%-дан аз болып отыр, бұл - өте төмен көрсеткіш. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне профилактикалық тексеру, әсіресе онкологиялық аурулардың мақсатты топтары мен бағдарламаларын кеңейту тапсырылды.

«Адамдарды өз денсаулығына мұқият болуға, үнемі тиісті тексерулерден өтуге сендіру керек. Ол үшін денсаулық сақтау және ақпарат министрліктері әкімдіктермен бірлесіп кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізуі керек», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов қатерлі ісіктерді ерте сатысында анықтау үшін анағұрлым тиімді диагностикалық шараларды әзірлеу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл бағыттағы әлемдік тәжірибені ескеріп, қазақстандық жетекші ғалымдар мен халықаралық ұйымдардың сарапшыларын тарту қажет.

Қорытындылай келе, Премьер-Министр келесі жылы елордада Протонды терапиямен жабдықталған Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың ашылуына байланысты оны жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет екенін айтты. Атап айтқанда, кеңес беру, тәжірибе алмасу және отандық дәрігерлердің біліктілігін арттыру үшін ірі әлемдік онкологиялық орталықтармен ынтымақтастық орнату маңызды.