"Бұқар жырау" тұрғын үй кешені №3 блоктың Валентина есімді консьержі бірнеше күн бұрын атыс ашқан ер адам туралы айтып берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Онымен бірнеше рет сөйлескенмін. Қандай да бір тақырыпқа қатысты әңгіме айтқанда оған қарсы пікір айтсаң, ашуланып, көз алдында өзгеріп шыға келеді. Дөрекілік танытады. Әйтеуір ортақ тіл табысып кеттік. Өтіп бара жатып бірде бөтелке, бірде алма беріп кететін", - деді Валентина.
Алайда ол ер адамның нақты атын білмейтінін айтты. Ортақ чатта Аби Сұлтан деп жазылған, басқалары оны Сүлеймен деп атапты.
"Ол өте діндар адам болды, тіпті фанатик деп айтар едім. Құран мен Библияны жақсы білетін. Ұлы, отбасы туралы айтатын. Төрт баласы бар, бірнеше жыл бұрын неге екенін білмеймін әйелі кетіп қалған. Осында төрт айдан бері жұмыс істеймін. Ол жалғыз тұратын, кешенде 10 жыл, біраз уақыт отбасымен де бірге тұрған", - деді Валентина.
Тұрғындар көршісінің ерсі әрекетіне пәтер иелері кооперативіне бірнеше рет шағымданған. Алайда ешқандай шара қолданылмаған.