Атырау облысында жылқышының өліміне қатысы бар екінші күдікті ұсталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Бұған дейін полиция қызметкерлері Жылыой ауданында жылқысын іздеуге шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен жылқышының өлі денесін терең шұңқырдан тапқан еді. Аталған дерекке қатысты бұрын сотталған 38 жастағы күдікті ұсталған болатын.
«Күдіктіге қатысты жүргізілген тексеру кезінде 16-шы калибрлі мылтық тәркіленді. Қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабымен (адам өлтіру) сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бірқатар сараптама тағайындалды. Полиция қызметкерлерінің арнайы жедел іздестіру шараларының нәтижесінде тағы бір күдікті анықталып, 1967 жылы туған жергілікті тұрғын ұсталды. Жедел-тергеу жұмыстары жалғасуда» -деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда із-түзсіз жоғалып кеткен жылқышының денесі терең шұңқырдан табылған еді. Осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен Жылыой ауданының 38 жастағы тұрғыны ұсталды.