Атырауда жаппай тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіден атыс қаруы тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облысының коменданты – облыстық полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, өңірде антитеррорлық операция жалғасып жатыр.
«Полиция қызметкерлері облыс орталығында болған жаппай тәртіпсіздік кезінде әскерилер мен полиция қызметкерлеріне күш қолданып, қорғаныс құралдарын иемденген бұзақыларды ұстап жатыр. Бұзақының бірі – бұрын әсері жоғары психотропты дәрілерді заңсыз сатып алғаны үшін жауапқа тартылған 1997 жылғы жігіт. Оның үйін тінту кезінде әскерилердің оқ өткізбейтін үш бронды жилеті табылды. Ал, жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны үшін ұсталған 1991 жылғы күдіктінің үйінен атыс қаруы тәркіленді», - деп хабарлады Атырау облысы комендатурасынан.
Қазір ұсталған күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.