Фото: azattyq-ruhy.kz
Атырауда қабаған ит талаған 8 жасар балаға бүгін тағы бір ота жасалады. Қазір науқас облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Атырау облыстық балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Сергей Хванның айтуынша, кеше, 15 ақпанда емдеу орнына ит талаған 2 бала түскен.
Оның біріне құтыруға қарсы вакцина егіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілген. Кейін үйіне жіберілген.
«Ал, 8 жасар бала басы мен аяғында жарақаты бар. Қазір ол жансақтау бөлімінде ауыр жағдайда жатыр. Дәрігерлер науқастың жарақатына хирургиялық тазалау ем-домын жүргізді. Кейін науқас жансақтау бөліміне жатқызылды. Науқасқа антирабиялық вакциналар салынып, антибиотикалық терапия басталды. Бүгін науқас балаға тағы бір ота жасау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта науқасқа бірнеше рет хирургиялық ем-дом жүргізу қажеттігі туындайды», - деп хабарлады Сергей Хван.
Оның мәліметіне сүйенсек, былтыр көшеде жүрген бұралқы иттен 462 бала зардап шеккен.
Ал, биылғы жылдың басынан бері аурухананың дәрігерлеріне ит қапқан 32 бала жүгінген. Зардап шеккен балалар әр түрлі дене жарақатын алған.
«Қыс мезгілінде көше жүргенде өте сақ болу керек. Өйткені, қазір көшеден азық таппай жүрген ит көп. Бұралқы иттер аш болған соң адамдарға шабуыл жасайды. Әсіресе, жас балаларды талап, олардың өміріне қауіп тудырып отыр», -дейді дәрігер Сергей Хван.