Атырауда ер адамды ұрып, 500 мың теңгесін тонаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 17 қаңтарда болған.
«Кешкі сағат 21:30 шамасында белгісіз біреулер Атырау қаласының 28 жастағы тұрғынын көшеде тоқтатып, ақша беруін талап еткен. Осыдан кейін шабуылдаушылар жәбірленушіні ұрып-соғып, қалтасынан 500 мың теңгесін күштеп тартып алған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Осы дерекке байланысты полиция қызметкерлері жедел іздестіру шарасын жүргізіп, 1999 және 2000 жылғы екі күдіктіні ұстады.
Қазір күдіктілерге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.