Атырауда жыл басынан бері браконьерлерден 1 тонна 712 келі балық тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Жайық өзені мен Каспий теңізінде мұз қатқалы бері бірнеше рет рейдтік іс-шара өткізілген. Мақсат – балық қорына заңсыз қол сұғушыларды анықтау.
«Полиция қызметкерлері рейдтік шаралар кезінде браконьерлерден 1 тонна 712 келі қара балық тауып, тәркіледі. Заңсыз балық аулаушылардан 20 мотоцикл мен 2 автокөлік алынды. Қазір құқық бұзушыларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, «Chevrolet NIVA» қызметтік автокөлігі тоқтатылып, заңсыз ауланған 300 келі сазан тәркіленген. Көлік арнайы айып тұрағына қойылған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда балық қорғау заңнамасын бұзғандарға 20 млн теңгеден астам айыппұл салынғанын жазған болатынбыз.