01 сәу, 2022 сағат 11:16

Атырау облысында қылмыстық топ ұсталды


Атырау облысында марихуана жеткізумен және оны облыс аумағында өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ анықталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Арнайы құрылған жедел тергеу тобы бес айдан бері қылмыстық топтың ұйымдастырушысы мен мүшелеріне қатысты жедел тексеріс жүргізген. ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Мұхаметқалиевтің айтуынша, қылмыстық топтың қызметі нақты жолға қойылған.

Топтың ұйымдастырушысы - Қызылорда облысының тұрғыны. Ол Шымкент-Атырау бағытындағы автобустар арқылы марихуана жеткізумен айналысқан. Топтың басқа мүшелері оның нұсқауларын орындап, тауарды қарсы алып, белгілі бір жерде сақтаған. Содан кейін мекен жайларға таратып, есірткіні сатудан түскен ақшаны жинап, картаға аударып отырған.

Бұл әрекеттен түскен табыс алты миллион теңгеден асқан. Ал топ мүшелері - Қызылорда, Қарағанды және Атырау облыстарының тумалары.

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 262-бабы "Ұйымдасқан топ, қылмыстық ұйым құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу" бойынша соталды тергеу басталды. Топтың ұйымдастырушылары мен қатысушыларының мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.