10 там, 2022 сағат 22:03

Атырау ауруханасында түсік тастаған әйел қайтыс болған


Атырау ауруханасында жүкті әйел қайтыс болған. Жүктіліктің 17-аптасын өткерген әйел түсік тастаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы жергілікті қоғам белсендісі Нұрлан Жунасов әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды.

«Мына адамның әйелі қайтыс болды. Күйеуі баласының 10 күннен бері мәйітханада жатқанын неге бүгін білген? Арызы осы кезге дейін неге қабылданбайды?» -деп жазды Facebook-тегі парақшасында.

Күйеуінің айтуынша, жүкті әйелі ауруханаға түскен. Алайда, оны бір күннен соң шығарып жіберген. 

«Әйелім үйге келген соң жағдайы нашарлап, қан құсты. Ауруханаға жатқаннан кейін көз жұмды», дейді күйеуі. 

Ал 17 апталық шақалақтың мәйіті он күннен бері мәйітханада жатқан. Шақалақтың қайтыс болғаны туралы әйелдің күйеуіне де, туыстарына да ешкім хабарламаған. 

Бұл жөнінде әйелдің туыстары қайтыс болғаны жөнінде анықтама алуға келгенде білген. Қайтыс болған әйел үш жыл бұрын күйеуге шыққан. Оның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалған. 

Әзірге осы дерекке байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі түсінік берген жоқ.