28 мау, 2021 сағат 15:21

Астаналықтар карантинге қарамастан 100 адам жинап, той өткізген


Елорданың мониторингілік топтары кәсіпкерлер арасында карантин талаптарын қасақана бұзушыларды анықтауда. Қалада карантиннің күшейтілгеніне қарамастан, өткен тәулікте бірден екі той өткізіліп, оған 100 адам қатысты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қала әкімдігінен мәлім еткендей, 27 маусым күні карантин режимін бұзған 5 мекеме анықталды. Есіл ауданында орналасқан «Portofino» мейрамханасында 100 адамға арналған той өткен. Мекемеде қалалық санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген шектеу шаралары сақталмаған.

Ал Алматы ауданындағы «Бақ сарай» мейрамханасында 100 адам қатысқан шара өтті. Сол сияқты «Ешь, пей» барында да әлеуметтік арақашықтық бұзылған.

Карантин режимін бұзғаны үшін Байқоңыр ауданындағы «Мустанг» кафесі мен Сарыарқа ауданындағы «Панаехали» барының қызметкерлері бетперде кимегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Тәртіп бұзушыларға қатысты жиналған материалдар тиісті шаралар қолдану үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларына жіберілді.

«Естеріңізге сала кетейік, эпидемиологиялық ахуалға байланысты елорда әлі де «қызыл» аймақта. Бұған қоса науқастар арасында тез таралып, иммунитетті әлсірететін коронавирустың «Дельта» штамы анықталды. Қазіргі жағдайға байланысты елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлер дәрігерлердің нұсқаулары мен санитарлық нормалардың бәрін қатаң түрде сақтауы тиіс», - деді әкімдіктен.