08 сәу, 2022 сағат 17:45

Астанада 88 жастағы қартты тонаған күдікті ұсталды


Нұр-Сұлтанда тәртіп сақшылары 88 жастағы зейнеткерге шабуыл жасаған қарақшыны ұстады, - деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қарақшылық шабуыл жасады деген күдікті азаматты ұстады.

"Түнде белгісіз ер адам 88 жастағы қарияның есігін қағып, ашуын сұраған. Қария есікті ашқан сәтте ер адам оны ұрып, тонай бастаған", - деп хабарлады полицейлер.

Қарақшы қарияның алтын сақинасын шешіп алған және бөлмені мұқият қарап тағы бір алтын сақина алып шыққан.

Тергеу барысында қаскүнемнің Затаевич көшесінде жалға берілетін пәтерді жалдағаны анықталды.

"Қарама-қарсы пәтерде жалғыз адам тұратынын біліп, қасақана барған. Елорда полицейлері 28 жастағы күдіктіні ұстады. Ол алтын бұйымдарды ломбардқа тапсырып үлгерген. Бұған дейін оның ұрлық үшін сотталғаны анықталды", - деп түсіндірді баспасөз қызметі.

Ұсталған азамат Нұр-Сұлтан қалалық полициясының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері азаматтарға, әсіресе, қарт адамдарға пәтердің сыртқы есігін құлыптауды, бөтен адамдарға есік ашпауды, пәтерге кіргізбеуді, ешкімге сенбеуді сұрайды", - деді аудандық полиция бөлімі.