25 мау, 2021 сағат 19:56

Астана балабақшалары мемлекеттік сатып алуды заңды бұза отырып өткізген


Елорданың көптеген балабақшасы мемлекеттік сатып алу процедураларын заң бұзушылыққа жол бере отырып өткізген. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігі Ішкі аудит комитетінен мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Тексеру мемлекеттік сатып алудың веб-порталында өткізілген. Онда мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етумен байланысты тауарларды сатып алу процедуралары назарға алынды. 

Анықталғандай, Нұр-Сұлтан қаласының мектепке дейінгі мекемелері биылғы бірінші тоқсанда балабақша тәрбиеленушілері үшін азық-түлік сатып алу рәсімдерін көптеген бұзушылықтармен өткізген. Мұны Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментіне сатып алуға қатысқан жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен көптеген арыз растайды. 

«Жүргізілген аудиторлық іс-шаралар барысында мектепке дейінгі көптеген мекемеде Тауар жеткізушіні таңдау критерийлерін есептеу бөлігінде бірдей бұзушылықтарға жол берілген. Бұл тиісінше сатып алу қорытындысына әсер етті.

Аудит объектілерінің мекенжайына анықталған бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқамалар жіберілді», - делінген ведомство мәліметінде.