Татулық, бірлік – біздің басты байлығымыз. Қазақстан халқының бірлігі күніне орай ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс бөлімінің аға офицері, майор Роман Абдрахманов ой-толғамын осылай білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ұлты – татар, өзін Қазақ елінің патриоты деп есептейді.
«Себебі біздің ортақ үйіміз – биыл тәуелсіздік алғанына 30 жыл толатын Қазақстан. Еліміздегі қол жеткен барша толағай табыс осы халықтар достығымен тығыз байланысты. Шетелдіктер бізді ауызбіршілігі мол, ынтымағы жарасқан ел деп біледі. Бұл, расында да, солай. Осы бірліктің арқасында еліміз дамып келеді. Осы татулықтың арқасында Қазақстан күллі әлем қызыға қарайтын дәулетті де сәулетті мемлекетке айналды», - дейді Роман.
Сөзіне қарағанда, осыдан он жыл бұрын қазақ қызы Әлияға үйленіп, отбасын құрған екен. Ол да әскери қызметші. Оған қоса екі баланың тәрбиесімен айналысады. Отбасында татар және қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы қатар сақталады.
«Әскерде қызмет еткен 15 жылдан астам уақыт ішінде әр түрлі лауазымдарда қызмет атқардым және кез келген ұжымда жақсы қарым-қатынас, өзара қолдау мен құрмет, әдептілік болғанын атап өткім келеді. Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде 15 ұлт өкілі Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып жүр екен. Солардың қатарында кейінгі жастарға үлгі болып, еліміздің қорғанысы одан сайын нығайып, дамуына лайықты үлес қоса білсек, одан үлкен арман жоқ. Әрдайым ұйымшыл да тәртібі мен бірлігі бекем әскери ұжымымызбен мақтана беруге жазсын. Ең бастысы, елімізде бейбітшілік пен келісім салтанат құра берсін!» деді Роман Абдрахманов.