17 мам, 2021 сағат 19:46

«Әскери баспана» бағдарламасына құжат қабылдау басталды


«Отбасы Банк» «Әскери баспана» бағдарламасына қатысу туралы өтінімдерді онлайн форматта қабылдай бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Отбасы банктің» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бағдарламаның бірінші айында лимит бойынша 700-ден астам әскери қызметшінің өтінімі қабылданды, ендігі өтінімдер келесі айда қабылданады. 

«Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да «Әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету» бағдарламасы («Әскери баспана») бойынша несие беруді бастады. Бағдарламаға тұрғын үй төлемдерін алатын, Отбасы банкінде арнайы ағымдағы шоты бар және бұған дейін тұрғын үй төлемдерін жылжымайтын мүлік сатып алуға пайдаланбаған кез келген азамат қатыса алады», - деп жазылған банк хабарламасында. 

Бағдарлама бойынша несие алу шарттары өзгеріссіз қалды: алғашқы/екінші нарықтан баспана сатып алу және жөндеу, алғашқы жарна 15% -дан басталады, пайыздық мөлшерлемесі – 8%, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 8,3%-дан басталады. Несие мерзімі 25 жылға дейін созылады. 

«Баспана таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Несиені жаңа немесе қолданыстағы тұрғын үйді сатып алу үшін пайдалануға болады. Сондай-ақ, меншіктегі тұрғын үйдің болуына қатысты да шектеулер қойылмаған. Несиенің рұқсат етілген ең жоғарғы сомасын клиент таңдауымен екі нұсқада есептеуге болады: ай сайынғы тұрғын үйдің төлемдері мен 15%-дан кем түспейтін депозитіндегі жинақ сомасына сүйене отырып немесе клиенттің нақты кірісі мен шығындарына негізделуге болады», - дейді банк. 

«Әскери баспана» бағдарламасы бойынша несие алу үшін, үш қадамды орындау қажет: 

1) Интернет-банкингте қатысуға өтініш беру (веб-нұсқасы https://online.hcsbk.kz ); 

2) Тұрғын үй табу; 

3) Интернет-банкингте өтінім қабылданғаннан кейінгі 60 күн ішінде банк бөлімшесіне барып, несие алуға өтініш беру. 

Жолданған өтінімдерді (интернет-банкингте) банк ведомство мен аймақтарға бөлмей, белгіленген лимит шеңберінде ай сайын қабылдап отырады. Егер тұрғын үй төлемдерін алушы осы айда қатысуға өтінім беріп үлгермесе, оны келесі айда жолдай алады. Интернет-банкингке жіберілген өтінім оның мерзімі аяқталғанша, яғни 60 күн бойы жойылмайды. Осы уақыт аралығында тұрғын үй төлемдерін алушы баспана тауып, несие алуға өтініш беріп үлгермесе, құжат күшін жояды. Бұл жағдайда тұрғын үй төлемдерін алушы оны банкке қайта жолдай алады. 

«2020 жылы тұрғын үй төлемдерін алып, оны «Отбасы банкінде» үй аламыз деп жинап жүрген 2 362 қазақстандық әскери қызметші мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері «Әскери баспана» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген шарттармен жалпы сомасы 51,8 млрд теңгеге несие рәсімдеді. Олардың ішінде 1900-ге жуығы 15%-дық алғашқы жарнамен, жылдық 8%-бен тұрғын үй займын алды», -дейді «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. 

«Әскери баспана» бағдарламасына өтінім беру үшін «Отбасы банк» интернет-банкингінде жеке кабинетке кіріп, сол жақ панельдегі «Арнайы шот» парақшасын ашу керек. Экранда көрсетілген «Әскери баспана» бағдарламасына қатысуға өтінім беру» пернесін басыңыз. Пайда болған сілтеме бойынша өтіп, «Әскери Баспана» бағдарламасының шарттарымен танысып, бастапқы бетке қайта оралып, «Әрі қарай» командасын орындау керек. 

Өз өңіріңізді әрі сізге ыңғайлы «Отбасы Банкінің» бөлімшесін таңдап, «Әрі қарай» батырмасын басыңыз. Бағдарлама шарттарымен танысқаныңызды растайтын электронды өтінішке қол қойыңыз. Ол үшін пайда болған терезеде белгі қойып, «Әрі қарай» батырмасын басыңыз. Мобильді нөміріңізге арнайы коды бар SMS жолданады. Оны ұяшыққа енгізіп, «Әрі қарай» батырмасымен келесі қадамға өтіңіз. Электрондық өтініммен танысып, «Әрі қарай» батырмасы арқылы өтінім беруді аяқтаңыз. 

Егер бәрі сәтті жүзеге асса, мониторға несие алуға өтініш беру үшін банк бөлімшесіне жүгіне алатын мерзім (60 күн) көрсетіліп, құттықтауы бар хабарлама келеді. Сондай-ақ интернет-банкингтегі жеке кабинетіңіздің басты бетінде «Әскери Баспана» бағдарламасы бойынша несие алуға үміткер екеніңіз және банк бөлімшесіне жүгіну қажет уақыт аралығы көрсетіліп тұрады. Банк бөлімшесіне бармай тұрып, банктің www.hcsbk.kz сайты арқылы кезекке онлайн жазылу қажет.