22 там, 2022 сағат 13:46

Әскердегі суицид: Қорғаныс министрлігі мәлімдеме жасады


Қорғаныс министрлігі сарбаздар арасында өз-өзіне қол жұмсау оқиғаларының жиілеп кетуіне байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ведомство суицид фактілері тек Қарулы күштерде ғана емес, басқа да әскер түрлерінде болып жатқанын атап өтті.

"Бағыныстылардың өмірі мен денсаулығына ҰҚК Шекара қызметі, ІІМ Ұлттық ұланы, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігі де жауапты. Бұл күштік құрылымдар бейбіт уақытта Қарулы күштер құрамына кірмейді және Қорғаныс министрлігі олардың қауіпсіздігін бақыламайды.

Өз-өзіне қол жұмсау сияқты шарасыз қадамға бару - ол адамның туыстары мен жақындары үшін үлкен қайғы. Командирлерге де жауынгерден айырылу ауыр шығын. Қарулы күштерде болған әрбір жағдайды әскери полиция қызметкерлері және басқа да қылмыстық қудалау органдары мұқият тексереді" - деп түсіндірді министрлік.

Ведомство мәліметінше, тексеру нәтижелері өз-өзіне қол жұмсау көп жағдайда әскери қызмет өткерумен байланысты емес екенін көрсеткен.

"Әскерге шақыруға дейінгі кезеңде әскери қызметшілерді осындай әрекетке итермелейтін әртүрлі өмірлік жағдайлар кездесетінін ескеру керек.

Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігінің бастамасымен ғылым, құқық қорғау органдары мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен әскери ортада орны толмас шығындарды барынша азайтуға және суицидтің алдын алуға бағытталған «Өмірді сақта» кешенді бағдарламасы әзірленіп жатыр.

Еліміздің күштік құрылымдарының қызметі туралы толығырақ осы ведомстволардың ресми сайттарынан таныса аласыздар" - дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, 21 тамызда Жамбыл облысында шекара қызметінің 18 жастағы сарбазы Бекбол Мираш қаза болғаны хабарланды. Бұған дейін әлеуметтік желіде Бекболдың өз-өзіне қол салғаны туралы ақпарат тараған.

Мұның алдында Жамбыл облысындағы 30212 әскери бөлімде мерзімді әскери қызметке шақырылған Әлібек Қалбай төрт күннен кейін қайтыс болған еді. 18 жастағы сарбаз Маңғыстау өңірінен шақырылған.

Ал күні кеше Атырау облысындағы мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде кезекшілік атқару кезінде мерзімді әскери қызметші Нұрбек Ерғалиев көз жұмды.