01 там, 2022 сағат 16:38

Әскердегі өлім-жітімнің алдын алуға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр


ҚР Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімді болдырмау мен тәрбие жұмысы жүйесін жетілдіруге бағытталған «Өмірді сақта» атты ведомствоаралық бағдарлама дайындауды қолға алды. Бұл туралы аталған ведомствоның ҚазАқпарат тілшісі сауалына берілген жауапта айтылған.

«Әскердегі өлім-жітімді азайту мақсатында күнделікті нұсқаулықтар, қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар, тәрбиелік және әлеуметтік іс-шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар сарбаздар арасында жеке және жасырын сауалнамалар жүргізіледі. Одан бөлек құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жеке құраммен жұмыс істеудің заман талабына сай әдістері қолданылады. Оның ішінде сыни тұрғыдан ойлау технологиясы мен кейс-стади әдісі бар. Ол жерде қателер мен олқылықтар бойынша нақты мысалдар келтіріліп, қаралады», - деген жауап келді министрліктен. 

Сонымен қатар министрліктің мәліметінше әскери бөлімдерде ашық есік күні, сұрақ-жауап кеші, прокурор сағаты және көшпелі сот шарасы ұйымдастырылады. 

«Жас сарбаздарға әскери тәрбие беруде қоғамдық ұйымдар және институттармен бірлесіп атқарған жұмыстың маңызы ерекше. Сарбаздардың ата-аналары, бөлімше командирлері мен тәрбие құрылымы офицерлерінің қатысуымен арнайы чаттар жұмыс істейді. Сол сияқты әскери міндетін өтеушілердің апта сайын ата-аналарымен телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігі бар», - дейді ведомстводан. 

Одан бөлек, Қорғаныс министрлігі әскердегі өлім-жітімді болдырмау мен тәрбие жұмысы жүйесін жетілдіруге бағытталған «Өмірді сақта» атты ведомствоаралық бағдарлама дайындау бойынша жұмыстың басталғанын хабарлап отыр. 

«Аталған бағдарлама ұзақмерзімді перспективаны көздейді. Бағдарлама әскери ортада өлім-жітімнің алдын алудың мақсаттары мен міндеттері, ережелері мен негізгі бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Бұл құжат әскери қызметтің ерекшелігі мен жай-күйін ескере отырып, оған сәйкес келетін ведомстволық іс-шаралар жоспарын әзірлеуге негіз болады», - делінген хабарламада. 

Ресми сауал жауабында айтылғандай сарбаздардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Пирамида», «Жауынгерлік дос» және «Напарник» бағдарламасы қолданылады. 

Сондай-ақ, казармаларда бейнебақылау камералары мен сенім телефоны жұмыс істеп тұр. 

«Күн сайын әскери полицейлер және бөлімнің медицина қызметкерлерінің қатысуымен сарбаздарды қарап-тексеру жүргізіледі», - деп толықтырды министрліктен.