ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Президенті жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысын өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мен индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының (БМЖМК) ақпараттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс барысы туралы баяндады.
БМЖМК мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің (МЖК ААЖ) және «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорының (ЖМТ МДҚ) 226 бытыраңқы дерекқорын шоғырландырды.
Жер қоры және жылжымайтын мүлік объектілері туралы ақпаратқа қолжетімділік онлайн-режимде жұмыс істейтін және қазіргі уақытта 93,6%-ға толтырылған Жария кадастрлық карта арқылы беріледі.
Биыл мамыр айында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтерді тестілік режимде көрсету бойынша пилоттық жоба іске қосылды.
БМЖМК-ны өнеркәсіптік пайдалануға енгізуді 2021 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланған.
Бұдан әрі БМЖМК, мемлекеттік қала құрылысы кадастрының ақпараттық жүйелерін, «Мекенжай тіркелімін» және өңірлік геоақпараттық жүйелерді біріктіретін бірыңғай платформа қалыптастырылатын болады.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев ҚР минералдық ресурстарының ұлттық деректер банкін құру жөніндегі жұмыс барысы туралы баяндады.
Бұл ақпараттық жүйе инвесторларға онлайн-режимде Қазақстанның кен орындары бойынша геологиялық деректердің қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Жер қойнауын пайдалану лицензияларын беру «бірінші келді – бірінші алды» қағидаты бойынша толық автоматтандырылады.
Мемлекеттік органдар үшін жер қойнауын пайдаланушылардың мониторингі мен талдау құралдары қолжетімді болады.
Қазіргі уақытта цифрландыруды енгізу қор ақпаратымен танысу, өтінім беру, келісімге қол қою, геологиялық ақпараттың көшірмелерін беру сияқты процестерді болдырмауға мүмкіндік берді, бұл жер қойнауы туралы ақпарат алу рәсімінің мерзімін 6 айдан 1 жұмыс күніне дейін қысқартты.
«ҚР минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» АЖ-ын 2022 жылдың соңына дейін енгізу жоспарлануда. Жоба жер қойнауы туралы ақпарат алу мерзімін қысқартуға және осы саладағы инвестициялық әлеуетті толық көлемде іске асыруға мүмкіндік береді.
ҚР-да қатты пайдалы қазбаларды барлауға шетелдік инвестицияларды тартудың жалпы көлемі 2030 жылға қарай 96 млрд теңге көлемінде болжанып отыр.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірлері базасында ашылған электрондық әмияндарға ҚР Ұлттық Банкінің электрондық ақша түріндегі әлеуметтік төлемдерді аударуды көздейтін «әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасын енгізу жөніндегі жұмыстардың барысы туралы баяндады.
Инфрақұрылым ретінде ҚР Ұлттық Банкінің төлем жүйесі – Лездік төлемдер жүйесі қосылады.
Бұл жоба халықты әлеуметтік қолдау құралдарын жетілдіруге және төлемдерді алушылардың есебіне проактивті түрде аудару мүмкіндігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Пилоттық жоба 2021 жылғы желтоқсанда енгізіледі, 2022 жылы өнеркәсіптік пайдалануға беріледі, 2023-2024 жылдары «әлеуметтік әмиян» Ұлттық тауар өткізу жүйесімен кіріктірілетін болады.
Отырысқа қатысушылар сондай-ақ 2025 жылға қарай кемінде 100 мың білікті IT-маман даярлау жөніндегі міндеттерді іске асыру мәселелерін қарастырды.
Бес жыл ішінде ҚР өңірлерінде 20 инновациялық бағдарламалау мектебін ашу, 50 өңірлік ЖОО-ны IT-компаниялар мен бейінді IT-ЖОО қамқорлығына беру, бағдарламалау мектептеріне 20 мың грант бөлу жоспарлануда.
2023 жылдан бастап Қазақстанның барлық орта мектептерінде «Информатика» пәнін ҰБТ-ға енгізе отырып, осы пән бойынша «Виртуалды мұғалім» жобасын енгізу жоспарлануда (қазіргі уақытта ШҚО-ның 150 мектебінде апробациялануда).
Үкімет басшысы экономиканы цифрландыру, кадрлар даярлау және IT-саласын дамыту бойынша жоспарланған барлық жобалардың уақтылы және сапалы жүзеге асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды.