Фото:qazaqtimes.com
Бүгін Мәжілісте “Мұнай саласын дамыту мен перспективалары” тақырыбында Үкімет сағаты болып өтті, деп хабарлайды ULT.KZ.Мәжілістегі Үкімет сағатында мұнай-газ саласындағы бірқатар мәселе мен ауқымды өзгерістер талқыланды. Атап айтқанда, мұнайды өңдеудегі өсім мен кемшіліктер, алдағы жоспарлар мен еліміздің ішкі нарығындағы олқылықтар баяндалды.
«Мұнай тапшы»
Депутат Еділ Жаңбыршинның айтуынша “Қашаған”, “Теңіз”, “Қарашығанақ” секілді ірі кен орындарынан басқа мұнай-газ кен орындарында шикізат өндіру жыл сайын төмендеп жатқаны туралы айтты.
“Соңғы бес жылда мұнай-газ өндіру 36 миллион тоннадан 30 миллион тоннаға дейін азайып отыр. Қызылорда облысында мұнай өндіру көрсеткіші едәуір түскені байқалып, өндіру көлемі соңғы 10-15 жылда 5 есе азайған”, - дейді депутат.
Үш ірі мұнай өңдеу зауытына 2 триллион теңге қаржы жұмсалған. Бұл қаржы мұнай өңдеу қуатын арттыру, мұнай өңдеу сапасын жақсарту мақсатында бөлінген. Бірақ мұнай мен газ конденсатын өңдеудің жыл сайынғы көлемі 18 миллион тоннадан аспай отыр.
Еділ Жаңбыршин, Қазақстанның ішкі нарығы импортқа тәуелді болып отырғанын жеткізді. Ішкі нарыққа қажет мұнай өнімдерін жеткізуді тек отандық мұнай өндіру компаниялары қамтамасыз етіп отырғанын, дегенмен олардың мұнай өндіру көлемі азайып жатқанын баяндады.
“Жыл сайын мұнай өнімдерінің тапшылығы байқалады, ол импорт есебінен жабылады. Мұнайдың үстінде отырған мемлекет үшін бұл – нонсенс. Қазақстан бензин, авиациялық отын, дизель отыны бойынша импорттық отынға тәуелді және 7 жыл ішінде елімізге 6 миллион тоннадан аса мұнай өнімдері импортталды. Яғни еліміздегі жанар-жағармай өнімдерінің дефицитін негізінен Ресей мемлекетінен импорттап отырмыз. Бұл мәселені шешетін уақыт келді”, - деді ол.
«ҚазМұнайГаздың басшысынан Құдайға телефон шалған жеңіл»
Депутат Ерлан Саиров өз сөзінде мұнайдың игілігін халыққа қайтара алдық па, жоқ па деген сұрақ қойды:
“Өздеріңізге белгілі мұнайдың эрасы бітуге жақындап келе жатыр. Ал, жаңа Қазақстан келгеннен бері «мұнайдың қызығын кім көріп отыр?»- деген сұрақ әлі күнге дейін елді мазалайды. Бір ғана мысал келтірейін. “Қаражанбасмұнай” деген компания бар, содан “Каспий шиппинг” деген Қазақстандық компания тендерді жеңіп алған. Оның орнында бұрын “Евразия” деген Қазақстанның олигархтарына тиесілі компания болған. Енді сол Қазақстандық компанияны үш ай болған “Қаражанбасмұнайды” өз жұмысына кіргізбей отыр. Бұл бүгін Қазақстанда болып жатыр. ҚазМұнайГаздың басшысына телефон шалып сөйлесу мүмкін емес. Меніңше ҚазМұнайГаздың басшысынан Құдайға телефон шалған жеңіл. Сонда жаңа Қазақстан кім үшін деген сұрақ туады. »”-деген Ерлан Сайров.
«Сұмдық жағдай»
Мұнай тапшылығы мәселесін депутат Нартай Аралбайұлы да айтып өтті. Ол «мұнай мен газдың үстінде отырған Қазақстанды шетелден мұнай сатып алып жатыр» деген мәліметті “сұмдық жағдай” деп атады.
Сондай-ақ, депутат “Қашаған” жобасын еске алып, жоғарыда айтылған мәселенің бір бөлігін шешуге бағытталған жобаның бірқатар мәселесін еске алды.
“Қашаған жобасын “Ғасыр жобасы” дедік. Дегенмен жоба іске асқаннан кейін, тасымалдау құбырларынан мұнай аға бастады. Жоба уақытша тоқтатылды. Салдарынан 1 миллиард доллардан астам қаражат жұмсалды. Желге кетті, ауаға жұмсалды десекте болатын шығар. Дәл осы жобаны құзырлы органдар тоғыз жылдан бері дамытуға қол жеткізе алмай отыр. Ал, салдарынан еліміздің бюджеті «Өнімді бөлу» туралы келісіміне сәйкес миллиондаған доллар жоғалтуда”,- деді ол.
Газ өңдеу зауыттары неге іске қосылмай отыр?
Депутат Нартай Аралбайұлы Энергетика министрлігінің өкіліне мұнай-газ саласындағы мәселені көтеріп сауал жолдады.
“Қуаттылығы 9 миллион текше метр болатын «QazaqGaz» өңдеу зауыты 2025 жылы іске қосылады деді, ол 2027 жылға шегерілді. Ал, қуаттылығы 1 миллиард текше метр болатын Қашағандағы газ өңдеу зауыты жобасының іске асу уақыты 2026 жылға шегерілді. Нақты осы шегерудің себептерін айтсаңыздар? Шегерілген мерзімде екі жоба іске аса ма, әлде үлгере алмаймыз деп уақытты созуға тура келе ме?”-деді депутат сауалында.
Депутаттың сұрағына «QazaqGaz» өкілі жауап берді. «QazaqGaz» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Айдын Ақанның сөзіне сенсек, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жалғасуда.
“Зауытты салу 2026 жылға жоспарланып отыр. Кешіктірілу себебі зауыт жеке меншікке өткізілді. Мемлекеттік комиссия арқылы ұлттық компанияға берілді. Қазіргі таңда құралыс жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, Қатар елінің инвесторлары осы жобаға кірген. Қазіргі таңда зауыттың операциялық бөлігіндегі басқару Қатарлық инвесторларға берілген. Инвесторлар 75 пайыз бөлікті өзіне алады, ал 25 пайызы ҚазақГазға тиесілі”, -дейді ол.
Айта кетейік, Биыл елімізде 88,4 млн тонна қара алтын өндіріледі. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш.
Министрдің сөзінше, өндірістің төмендеуіне “Теңіз” бен “Қашағандағы” күрделі жөндеу жұмыстары себеп болған. Бұған қоса, Қазақстан ОПЕК+ келісім бойынша міндеттемелерді орындауы тиіс.