24 мам, 2021 сағат 19:11

Ashyq жобасы 10 мың адамды вирус жұқтырудан қорғап қалды


«Ashyq» жобасын іске қосу 10 мың адамды вирус жұқтырудан қорғап қалды. Бұл туралы ҚР ДСМ Электрондық денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры Бейбіт Есенбаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ashyq» жобасын енгізу вирус жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың қоғамдық орындарға баруының алдын алуға, шағын және орта бизнестің жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Осылайша, тек 21-22 мамыр күндері Нұр-Сұлтан және Алматы әуежайларында ПТР нәтижесі оң (қызыл статус) 14 адам және байланыста болған (сары статус) 32 адам анықталды», - деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, 12 сәуірден бастап, жоба іске қосылғалы бүкіл ел бойынша ПТР нәтижесі коронавирусты көрсеткен 2 631 келуші және науқастармен байланыста болған 2 074 келуші анықталған. 

«Бір науқас 4-6 адамға дейін вирус жұқтыруы мүмкін екенін ескерсек, «Ashyq» жобасын енгізу 10 мың адамды ықтимал жұқтырудан қорғап қалды. Яғни, бұл жоба азаматтарға өздерін қорғауға және денсаулығын сақтауға көмектеседі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 22 наурыздағы қаулысының 4-қосымшасында «Ashyq» жобасына қатысатын нысандар қызметін шектеудің нақты шаралары көрсетілген. Онда қызыл, сары және жасыл аймақтардың айырмашылықтарымен танысуға болады», - дейді Есенбаев.