14 сәу, 2021 сағат 15:56

Ashyq талаптарын орындамаған нысандар жобадан шығарылады - ДСМ

Ashyq талаптарын орындамаған нысандар жобадан шығарылады. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Іскерлік белсенділікті арттыру және эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру арасындағы теңгерімді қарастырып жатырмыз. Ashyq жобасы дәл осыған бағытталған. Караокелерге қатысты бірқатар шектеулер қарастырылған. Бұған қоса, караоке Ashyq жобасымен ғана жұмыс істейді. Оның үстіне Ashyq жобасы арқылы қызмет көрсететін нысандарға қойылатын бірқатар міндетті талап бар. Егер нысандар бұл талаптарды орындамаса, онда олар жобадан шығарылады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. 

Оның атап өтуінше, Ashyq жобасы нысанға келетін азаматтардың санаты нақты бөлетіндігін айтты. 

«Нысанға ПТР теріс нәтижесі бар немесе мәртебесі белгісіз адамдардың кіруіне рұқсат беріледі. Ал ПТР оң нәтижесі бар келушіге немесе байланыста болған адамдарға Ashyq жобасымен жұмыс істейтін нысанға кіруге тыйым салынады», - деді Айжан Есмағамбетова.