21 мам, 2021 сағат 14:06

Ashyq қосымшасы 2,5 мыңнан астам адамнан «қызыл» мәртебені анықтады


Ел көлемінде 2,5 мыңнан астам адамнан Ashyq қосымшасы арқылы «қызыл» мәртебе анықталды. Ол туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Цифрлық шешімдер департаментінің директоры Болатбек Молдабеков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ел аумағында 2,5 мыңнан астам адамнан «қызыл» мәртебе анықталды. Бұл адамдардың ПТР тест анықтамасы да оң нәтижелі және олар соны біле тұра ұшаққа отырғысы немесе дәмханаға кіргісі келген. Әрине, көрсеткіш айтарлықтай. Тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде «қызыл» мәртебемен 50-ден астам адамды ұшаққа отырғызудан бас тартылды», - деді Молдабеков. 

Сондай-ақ, департамент басшысы нысандардың Ashyq қосымшасынсыз да жұмыс істей алатыны туралы айтты.

«Кеше Ashyq жүйесі жұмыс істемегенде барлық нысандарға ескертілді және ешқандай кедергі болған жоқ. Әуежайда жолаушыларды кедергісіз қабылдады. Жүйе жұмыс істемеген жағдайдың өзінде, оның адамдарға кедергісі тимейді. Әуежай және басқа да нысандар өз кестесіне сай жұмыс істей береді», - дейді ол.