Президент бастамаларын іске асыру – халық болып жұмылатын ортақ міндет. Бұл туралы бүгін еліміздің қоғам өкілдерімен кездескен Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін «Ұлттық мүдде» алаңының алғашқы отырысына жиналып отырмыз. Отырысымыз Президентіміздің кешегі Жолдауына арналады. Жолдаумен бәріңіз танысып шықтыңыздар. Жолдауда Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құрудың нақты саяси бағдарын айқындап берді. Президентіміз еліміздің жарқын болашағын қамтамасыз етуге арналған көптеген маңызды бастамаларды көтерді. Сол себепті, оларды іске асыру – халық болып жұмылатын ортақ міндет», - деді Мәулен Әшімбаев.
Оның атап өтуінше, осы Жолдаумен Президентіміз елімізде үлкен саяси өзгерістерге жол ашты және оған тың серпін берді.
«Ал саяси трансформация, ең бірінші кезекте, елімізде әділеттілік қағидатының сақталуына кепіл болады. Әділеттілік болмаған жерде азаматтардың еліне және оның болашағына деген сенімі жоғалады. Бұл – мемлекеттілігіміз үшін үлкен қауіп. Қаңтар оқиғасының негізгі сабақтарының бірі осы екені анық. Сол себепті, заңның толықтай орындалуына және жалпыға бірдей қолданылуына қол жеткізу аса маңызды. Заң үстемдігі дегеніміз сол. Бұл, өз кезегінде, тамыр-таныстықты және монополияны жоюға тікелей ықпал етеді», - деді ол.
Осы ретте Сенат спикері Президентіміз өзі үлгі көрсетіп, бірқатар батыл бастамаларды жариялағандығына назар аудартты.
«Ең бірінші кезекте билік монополиясы жойылмақ. Бұған қатысты Мемлекет басшысы еліміздің суперпрезиденттік басқару жүйесінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға көшетінін айтты. Енді Парламент сөзсіз, күшейеді. Сонымен қатар Сенаттың жоғары Палата ретінде жұмыс істеуі дұрыс әрі орынды екенін айтылды. Сонымен қатар екі Палатаның жұмысы мен құрылымына қатысты нақты реформаларды ұсынды. Оның бәрі қоғамның пікірі мен ұсыныстарына негізделгенін атап өткен жөн», - деді Мәулен Әшімбаев.