Бүгін Сенатта Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жарық көрген «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» атты жаңа еңбек көпшілікке таныстырылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, шара Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында арнайы ұйымдастырылып отыр.
«Үш томдық кітапта зобалаң жылдарға қатысты тың деректер мен тарихи құжаттар жинақталған. Олар ашаршылықтың алғышарттары және трагедиялық салдары туралы мәліметтерді қамтиды. Барлық құжаттар еліміздің орталық және өңірлік архивтерінен алынды. Басқа мемлекеттердің архивтерінде сақталған деректер де жинаққа енгізілді. Соның нәтижесінде бұрын қолға түсіру қиын болып келген және бұған дейін жарияланбаған бірқатар мәліметтер көпшілік үшін қолжетімді болып отыр. Жаңа туынды университеттерге, ғылыми зерттеу институттарына және орталық, өңірлік кітапханаларға жіберіледі. Жалпы, ашаршылықтың зардабы ұлтымыз үшін өте ауыр болғаны белгілі. Бұл бағытта ашылмаған ақиқаттар мен жазылмаған жайттар әлі де аз емес. Сондықтан Президентіміз осы тақырыпты зерттеу туралы нақты тапсырма берген еді. Соның аясында Сенат ақпан айында ауқымды дөңгелек үстел өткізді. Бүгін таныстырылған еңбекті сол іс-шараның нәтижесі және Сенаттың ашаршылықты зерттеуге қосқан нақты үлесі деп айтуға болады» деп жазады Мәулен Әшімбаев Facebook парақшасында.
Сенат төрағасы осы ретте бар болғаны үш-ақ айдың ішінде мыңнан астам архив құжаттарын жинап, құнды дүние дайындаған авторлардың еңбегін ерекше атап өтті.
«Елдік мүдде жолында аянбай жұмыс істеген Берік Әбдіғалиұлы бастаған ұжымға, редакция алқасына және қолдау көрсеткен барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз. Әрине, бұл істе бір кітаппен шектеліп қалуға болмайтыны түсінікті. Құжаттар мен деректерді әрі қарай да жинақтау қажет. Сонымен бірге жарияланған мәліметтердің негізінде жан-жақты ғылыми зерттеу жүргізу де - маңызды мақсаттардың бірі. Ол үшін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті қолдау көрсетіле береді. Сондықтан алдағы уақытта бұл салада кешенді және жүйелі жұмыстар жалғасады деп сенеміз. Көпшілікке жол тартқан жаңа еңбектің тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашуға, тәуелсіздігімізді нығайтуға және ұлт санасын жаңғыртуға қосар үлесі мол болсын!» дейді Мәулен Әшімбаев.
Еске сала кетейік, бүгін Сенатта Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Деректі хроника» үш томдық жинағы таныстырылды.
Жиында сөз алған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында осындай іс-шаралардың маңызы зор екенін айтты.
«Тәуелсіздігімізді ұлықтау сәтінде тойға емес, ойға басымдық беру, өткенімізден өнеге алу – біздер үшін зор міндет. Мемлекет басшысы 30 жылдықты атап өтуге арналған алғашқы отырыста осы мәселеге баса мән берді. Президентіміз айтқандай, егемендіктің бүгінгі белесі елдің жаңа келбеті мен ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруға қызмет етуі керек. Бұл ретте, тарихи сананы жаңғыртатын және бостандықтың қадір-қасиетін арттыратын іс-шаралар аса маңызды», – деді Мәулен Әшімбаев.