Астананың сот алқасы Грузияда қаза тапқан Әсел Айтбаеваның ісі бойынша сотталған адамның үкімін күшінде қалдырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.
Биыл 2 тамызда Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұрат Мейірбековты Қылмыстық кодекстің екі бабы: "зорлау" және "адам саудасы" бойынша айыпты деп танып, 15 жылға бас бостандығынан айрды. Ол жазасын қауіптілігі жоғары колонияда өтейді, сондай-ақ жәбірленуші тарапқа 10 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды төлеуге міндеттелді.
"Астана қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 20 қыркүйектегі қаулысымен Мейірбековтың өзіне тағылған айып бойынша кінәсі дәлелденуіне байланысты бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды. Үкім заңды күшіне енді", - деді елордалық соттың баспасөз қызметі.
Іс материалдарына сәйкес, бұған дейін Мұрат Мейірбеков Әсел Айтпаеваға Грузиядан жұмыс ұсынып, оның Қазақстаннан ұшып кетуіне жағдай жасаған.
Еске салайық, былтыр 5 мамыр күні Тбилиси қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінің маңынан қазақстандық Әсел Айтбаеваның денесі табылған болатын. Грузиялық полиция өз-өзіне қол салуға дейін жеткізу нұсқасы бойынша қылмыстық іс қозғады.
Күдікті Грузия азаматы Бесик Тордуа ұсталды. Оған отандасымызды зорлады деген айып тағылды. Тордуа сот үкімі шыққанға дейін қамауға алынып, көп ұзамай қайтыс болды.
Ал бойжеткеннің туыстары Әселдің өз-өзіне қол салуы мүмкін еместігін алға тартты.
2021 жылы 16 мамырда Айтбаеваның өлімі бойынша Нұр-Сұлтанда ҚР ҚК 120-бабының 1-бөлімі (адам зорлау) және 2-тармақ 4-бөлім 128-бабы (адам саудасы) бойынша Мұрат Мейірбеков ұсталғаны белгілі болды.