31 қаң, 2022 сағат 23:26

Арзан көлік әкеп беремін деп 280 адамның ақшасын жоқ қылған күдікті ұсталды


Елордалық полицейлер алаяқтық жасағаны үшін халықаралық іздеу салынған «Nur-AvtoKz» ЖШС директорының орынбасарын ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2021 жылдың қыркүйегінен полицияға 280 тұрғын шағым түсірген. Компания басшылығы олардың ақшалай қаражаты мен автокөліктерін алаяқтық жолмен иеленген. 

«Компания басшылығы нарықтағыдан арзан бағамен 45 жұмыс күні ішінде автокөлік әкеліп береміз деп шарт жасасқаны анықталды. Ақшалай қаражатты сатып алушылар ЖШС-ның кассасына төлеген. Клиенттерге келген ірі көлемдегі материалдық залал 3 млрд теңгеден асады», - делінген хабарламада. 

Елордалық полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. 

«Сотқа дейінгі тергеу барысында алаяқтық жасады деген айып тағылған 35 жастағы ЖШС директоры 2021 жылдың қазанынан тергеу органдарынан қашып, оған іздеу салынған болатын. Оған қатысты тергеу сотының шешімімен «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды», - делінген елордалық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Күдікті қамауға алынып, Ақтау қаласындағы уақытша изоляторына қамалды. Тергеу жүріп жатыр.