20 қар, 2020 сағат 14:41

Арыста полицейге қарсылық көрсетіп, ұрып-соққан тұрғын қамауға алынды

Түркістан облысында полицейге қарсылық көрсеткен тұрғын жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Арыс АПБ полицейлері аудан бойынша қоғамдық тәртіптің сақталуын қадағалап, түрлі қылмыстардың алдын алу бағытында күнделікті қарқынды қызмет атқарып жатыр. 

Осындай кезекті жұмыс күнінде өзіне бекітілген аумақта қоғамдық тәртіпті сақтап, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген полицей Арыс қаласының көшелерінің бірінде жарық беруші шамын жақпай және қауіпсіздік белбеуін тақпай келе жатқан «DAEWOO NEXIA» маркалы көлігін тоқтатады. 

Аталмыш автокөлік жүгізушісінің құжаттарын тексеру кезінде полицейдің қызметтік көлігінің алдына «TOYOTA CAMRY» көлігі тоқтап, ішінен жүргізуші түсіп, полицейден «DAEWOO NEXIA» көлігін не себепті тоқтатып тұрғанын сұрай бастайды. 

Оған қоса, полицейдің жұмысына кедергі келтіріп, оның әкімшілік хаттама толтыруына қарсылық көрсетеді. Осылайша тұрғын өз қызметін атқармақ болған тәртіп сақшысының заңды талаптарына бағынбай, дөрекі мінезін көрсете бастайды. 

Билік өкіліне тіл тигізіп, балағат сөздермен қорлап, аузына келгенін айтады. Тәртіп сақшысы сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушы заңға бағынбай өзінің теріс әрекеттерін жалғастыра береді. 

Тіпті патрульдік полиция тобының инспекторына күш қолданып, себепсіз қол жұдырығымен бас шүйдесінен ұрып, жағасынан алып, оң жақ маңдай шекесінен басымен соққы беріп, оқиға орнынан қашып кетеді. 

Аталған жайт ҚР ҚК 380-бабы бойынша тіркелді. Полицейлер билік өкіліне қарсы келіп, балағаттап, күш қолданған тұрғынды ұстау мақсатында қажетті шараларды атқарады. 

Құқық бұзушы тұрғын тұрғылықты мекенжайында ұсталды. Ол АПБ-не жеткізілді. 

Тергеу барысында анықталғандай, негізінде полицей тоқтатып, әкімшілік хаттама толтырмақ болған көлік құқық бұзушының көлігі болып шықты. 

Ол танысына көлікті жеткізіп беруін өтініп, өзі соңынан келе жатқан. Құқық бұзушы азамат өзінің кінәсін толығымен мойындады, қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.