24 мау, 2019 сағат 11:57

Ордабасыда медициналық штаб құрылды

Арыстағы төтенше жағдайға орай Ордабасы ауданында медициналық штаб құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың басқаруымен шұғыл жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ордабасы аудандық орталық ауруханасынан және облыстық клиникалық ауруханасында 200-ден астам науқасқа арналған орын дайындалды. 30 жедел жәрдем көліктерін Шымкент қаласына кірер 3 жолға қойылды. Тағы да қажет болған жағдайда бірнеше аудандардан әкелінген қосымша жедел жәрдем көліктері дайын. Облыстық клиникалық ауруханадан травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлер құрылған медициналық штабқа жиналды. Қазіргі кезде жарақат алғандар жоқ. Эвакуация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Арыс қалалық орталық ауруханасы мен емханасынан науқастар эвакуация жасалды» делінген хабарламада.

Еске салсақ, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болғандығы туралы хабарлаған болатынбыз. ҚР Қорғаныс министрлігі Арыстағы жарылыстан зардап шеккендер жоқ екендігін мәлімдеді. Тоқаев Арыстағы оқ-дәрі қоймасындағы жарылыс зардаптарын жоюды тапсырды.