Қазақстанда Ауғанстаннан апиын есірткісін контрабандалық жолмен жеткізудің тұрақты арнасын ұйымдастырған трансұлттық есірткі құрылымының жолы кесілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл операцияны қауіпсіздік комитетінің өкілдері прокуратура органдарының келісімі шеңберінде жүзеге асырған.
Халықаралық арнайы операция нәтижесінде 2021 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында 25 кг есірткі құралын тасымалдау кезінде есірткі трафигін ұйымдастырушы және Ресейде осыған ұқсас есірткі қылмысын жасағаны үшін Ресей Федерациясының Федералды қауіпсіздік қызметі іздестіріп жатқан «М» атты азамат қылмыс үстінде ұсталды.
Аталған адам қылмыстық жауапкершіліктен жалтару мақсатында Тәжікстан Республикасы азаматының жалған төлқұжатын пайдаланған.
Сонымен қатар оның сыбайласы – Қазақстан Республикасының «К» деген азаматы ұсталды.
«Сотқа дейінгі тергеу материалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 286-бабы 4-бөлігі және 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Есірткі акциясына қатысы бар өзге де адамдарды анықтау бойынша жедел-тергеу іс-шаралары жалғасуда», - делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметінің хабарламасында.