13 қыр, 2022 сағат 16:13

Армения мен Әзербайжан шекарасындағы қақтығыс: 49 әскери қызметші қаза тапқан


Әзербайжан қарулы күштерімен түнгі қақтығыс кезінде Арменияның 49 әскери қызметшісі қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі Sputnik Арменияға сілтеме жасап.

Бұл туралы Армения премьер-министрі Никол Пашинян мәлімдеді.

"Қазір Арменияның Қорғаныс министрлігі тарапынан 49 әскери қызметкер қаза тапқаны нақтыланды. Бірақ бұл соңғы көрсеткіш емес, ақпаратты нақтылау қажет", - деді Пашинян республика парламентінде сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, қазір шайқастардың қарқындылығы бәсеңдеген. Министрлер кабинетінің басшысы Бас штаб пен Қорғаныс министрлігі жағдай мен қаза тапқандар санын бағалап жатқанын және расталған ақпаратты хабарлайтынын атап өтті.

"Қазір бір-екі бағыт бойынша Әзербайжан тарапының шабуылы жалғасып жатыр", - деді ол.

Еске салайық, 13 қыркүйекке қараған түні Армения мен Әзербайжан шекарасында қақтығыс басталған еді. Екі елдің қорғаныс министрліктері қарама-қайшы ақпарат таратып жатыр. 

Армения Қорғаныс министрлігі Әзербайжан Қарулы күштерінің артиллерия мен ұшқышсыз ұшақтар арқылы Армения территориясын атқылай бастағанын мәлімдеді. Ал Әзербайжан қорғаныс министрлігі армян әскері ауқымды арандатушылық жасады деп айыптады.